«Жүйе дабыра қылмай-ақ, өз ішіндегі шіріген тамырларды үнсіз ауыстыруда»

129
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/D8ZrEBSwtCcq1Ngt5tei0o7PYsqmRvIqOm8Iy4vU.jpg

Байқағаным, соңғы кезде Ақорда азан-қазан арзан пиар мен шоуды жинап қойып, бұрын-соңды болмаған суық прагматизмге көшуде... 

Алысқа, бармай-ақ атышулы Клебановты алайықшы. Екібастұздағы авария «ескі Қазақстанның» монополиялық моделінің ақырғы инфаркты еді ғой.

Клебанов сияқты кландар ондаған жыл бойы стратегиялық инфрақұрылымды сүлікше сорып, артында тозығы 80%-ға жеткен қазандықтарды ғана қалдырды. Қазіргі жүйе бұлармен ешқандай арзан шоу жасаған жоқ. Тап-таза суық акционерлік тілде сөйлесті. 

Жылу желілері мен қазандықтар мемлекет бақылауына қайтып, инфрақұрылымды жаңарту міндеті мен қаржылық жүктеме қайта бөлінді. Содан бері міне екі жыл өтті. Облыстардағы ЖЭО-лар айғай-шусыз, ың-шыңсыз ауқымды реконструкциядан өтіп жатыр. 

Тоқаев? Тоқаев әлгі Клебановтарды түрмеге жаппай, оларды өз ақшасына өздері қиратқан жүйені жөндеуге мәжбүрледі. Бюджеттен көк тиын шығындамай, «ескі Қазақстанның» ұрланған ақшасын ұлттық инфрақұрылымды реанимациялауға жекті.

Астанадағы LRT да жемқорлықтың символы секілді естіліп, елорданың беделіне түскен үлкен дақ болатын. Тіпті қоғамда «бұларды ма, бұларды сүріп тастау керек» деген арыз-шағым да көбейген-тін.

Шыны керек, біреудің бүлдірген, аяқсыз қалдырған жобасын қолға алып, соңына жеткізу өте-мөте қауіпті тәуекел. Саяси тұрғыдан Назарбаевтан мұраға қалған монументті талқандай салу оңай болатын. Ақыры не болды? Тоқаев жобаны бұзған жоқ. Ескі режимнің сойқан фиаскосы саналған бетон бағандардың құрылысы сәтті аяқталып, қаланың логистикалық концепциясын толық өзгертті.

Назарбаев дәуірінде АЭС салу мәселесі 20 жыл бойы көтеріліп, соңы саяси саудаға тіреліп, тұралап тұрды. Ашығында айтқанда ескі билік жауапкершілікті өз мойнына алудан қорықты.

Тоқаев бұл мәселені де дипломатиялық сүзгіге салды. Референдум арқылы қоғамдық легитимділік алып, геосаяси алыптардың арасындағы бәсекелестікті Қазақстанның ұлттық мүддесіне жұмыс істетті. Ақыр соңы АЭС саяси сауданың тақырыбы болудан қалып, нақты техникалық-стратегиялық жоспарға көшті.

Кеше Алматы мен Астананың арасында жүріп келдім. Жол деген тақтайдай тегіс, жайнап жатыр. Отыз жыл бойы сіз бен біз қақсап айтып келген ауызсу, жаңа қазандықтар, облысаралық жолдар сияқты проблемалар қазір дабырасыз атқарылуда. Бектенов үкіметі біртіндеп ақшаны Астанадан өзге шалғай өңірлерге, моноқалалардың ішкі инфрақұрылымына бұру үстінде.

Ел осыны күткен еді. Назарбаев дәуірінің негізгі екпіні Астана мен Алматыға жасалып, аймақтардың шикізаттық колония ретінде, қараусыз қалғаны қалғаны өтірік емес. Тіпті, Қаңтар оқиғасы да осы шеттетілген аймақтардың орталыққа деген ашу-ызасынан туындағанын мойындау керек.

Тоқ етерін айтқанда, отыз жыл бойы салынбаған АЭС, аяқсыз қалған LRT, тозған ЖЭО-лар, жолдар, тағы басқалар ескі режимнің жауапкершіліктен қашып, болашақ биліктің минасы ретінде қалдырып кеткен саяси мұрасы еді. Қазір осы миналарды үнсіз, залалсыздандыру процесі жүруде. Президенттің инфрақұрылымдық саясаты нәтиже беруде.

Ең бастысы мұнда ешқандай пиар, ұран немесе жеке тұлғаның култі жоқ. 

Қазандықтар жаңартылып жатыр ма? Жаңартылып жатыр. Су тартылып жатыр ма? Тартылып жатыр. Бірақ бұған ешкім «Тоқаевтың реформасы» деген лента байлап, салтанатты жиын жасап жатқан жоқ. Жүйе дабыра қылмай-ақ, өз ішіндегі шіріген тамырларды үнсіз ауыстыруда.

Ескі жүйенің тұсындағы ЭКСПО сияқты пиар-жобаларға бөлінген триллиондар қазір моноқалалардың қазандықтарына, Атырау мен Маңғыстаудың су құбырларына, облысаралық жолдарға кетіп жатыр.

Осыған қарап ақ үлкен үйдегі қауымның пиар-менеджментпен бас тартып, кризис-менеджментке көшкенін сезесіз.

Думан Бықай

Комментарии
Другие материалы