Белгілі актриса Бижамал Кемалова өмірден озды

112
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/pjySqgmkv9rOcOsaXQjy2leAi0PucXQ5babGnC1T.webp

Қазақстанның мәдениет қайраткері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, театр және кино актрисасы Бижамал Кемалова ұзаққа созылған ауыр науқастан кейін дүниеден өтті. Қаралы хабарды актриса ұзақ жылдар бойы еңбек еткен Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театры мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна".

Театр ұжымының хабарлауынша, Бижамал Кемалова шығармашылық жолын 1980-жылдардың басында Қарағандыдағы қазақ драма театрында бастап, бүкіл ғұмырын ұлттық театр өнеріне арнады. Ол Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері атанып, «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік медалімен марапатталған. Сонымен қатар, Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық-драма театрының қалыптасуына да үлес қосқан театр ардагерлерінің бірі болды.

Әріптестері оның қазақ сахнасында сан алуан бейнені сомдап, қазақ әйелдерінің, аналардың және әжелердің болмысын ерекше шеберлікпен жеткізгенін атап өтті.

«Өзіндік актерлік қолтаңбасы бар өнер иесі театрымыздың мақтанышы әрі жас буынның ақылшы ұстазы болды. Марқұмның иманы саламат болып, жаны жәннатта шалқысын. Отбасы мен туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамыз», – делінген театрдың көңіл айту хабарламасында.

Бижамал Кемалова сахнада көптеген жарқын рөлдерді сомдады. Олардың қатарында «Досымның үйленуі» қойылымындағы Биғаным, «Қарагөздегі» Мөржан, «Ғашықтың тілі» спектакліндегі Сұйімқан, «Қайран жас дәурендегі» Воронкова, «Аққу сезімдегі» Ақдидар, «Мусье Жордандағы» Шахрабану және «Тәнге түскен раушангүл» қойылымындағы Мисс Йорк образдары бар.

Бижамал Далабайқызы Кемалова 1958 жылдың 16 желтоқсанында дүниеге келген. 1983 жылы Алматы мемлекеттік театр және көркемсурет институтын «драма театры мен кино актері» мамандығы бойынша тәмамдаған. Кейін ұзақ жылдар бойы Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрында еңбек етіп, жетекші актрисалардың біріне айналды.

 

Комментарии
Другие материалы