«Семей полигонының қақпасы жабылса да, салдары жабылған жоқ»

257
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/HfBgY6cX6Pyps30sHfUjfhRDYzrfXAZ1R6qDiUKH.jpg

Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 35 жыл толса да, оның зардабын тартқан мыңдаған адамның мәселесі әлі толық шешілген жоқ. Бұл туралы “Адырна” ұлттық порталына құқық қорғаушы, «Үй» қоғамдық ұйымының төрайымы Майра Әбенова айтып берді.

6 тамыз – Бүкіләлемдік ядролық қаруға тыйым салу күні. 1991 жылдың 29 тамызында Семей ядролық сынақ полигоны ресми түрде жабылды. Бұл – Қазақстан тарихындағы ғана емес, әлемдік ядролық қарусыздану қозғалысындағы ең маңызды оқиғалардың бірі. Бірақ сынақтан зардап шеккендердің мәселесінде не маңызда? Бұл қаншалықты ескерілді. Белсендімен сұхбат осы сарында өрбіді.

«ӨТЕМАҚЫ КӨЛЕМІ ҚАЗІРГІ ӨМІР ТАЛАБЫНА САЙ ЕМЕС»

Семей ядролық полигонының жабылғанына 35 жыл өтті. Осы уақыт ішінде ең үлкен жетістік пен ең үлкен орындалмаған міндет қандай деп есептейсіз?

– Ең үлкен жетістік – полигонның жабылуы және Қазақстанның ядролық қарудан бас тартуы. Бұл – халқымыздың, азаматтық қоғамның және «Невада – Семей» қозғалысының тарихи жеңісі.
Ал ең үлкен орындалмаған міндет – полигон зардабын тартқан адамдардың құқықтары мен қажеттіліктерінің толық қамтамасыз етілмеуі. 35 жыл өтсе де олардың денсаулығы, әлеуметтік жағдайы, лайықты өтемақысы мен кейінгі ұрпақтарының тағдыры толық шешілген жоқ.

Біз полигон жабылды деп айтамыз. Бірақ оның салдары да жойылды деп айта алмаймыз ғой сонда?

– Жоқ. Полигонның қақпасы жабылғанымен, оның салдары жабылған жоқ. Радиацияның адам денсаулығына, кейінгі ұрпаққа, жер мен суға тигізген әсері әлі күнге дейін жалғасып келеді.
Сондықтан полигонды өткеннің ғана тарихы ретінде емес, бүгін де салдары сезіліп отырған ұзақ мерзімді гуманитарлық, медициналық және экологиялық мәселе ретінде қарастыруымыз керек.

–  Полигоннан зардап шеккен азаматтарға қатысты қабылданған заңдар мен әлеуметтік қолдау шаралары бүгінгі күні олардың нақты мәселесін шешіп отыр ма?

– Өз уақытында қабылданған заң маңызды рөл атқарды. Ол зардап шеккен азаматтардың мәртебесін айқындап, белгілі бір әлеуметтік жеңілдіктер берді.

Алайда бүгінгі күні бұл заң көптеген мәселені толық шешіп отырған жоқ. Өтемақы көлемі қазіргі өмір талабына сай емес, медициналық көмек жүйелі әрі қолжетімді деңгейде ұйымдастырылмаған. Сонымен қатар зардап шеккен азаматтардың кейбір санаттары заң аясынан тыс қалып отыр.
Заңды қазіргі заман талаптарына бейімдеп, оның негізіне формалды жеңілдіктерді емес, адамның нақты қажеттілігін қою қажет.

«ӨТЕЛМЕГЕН МІНДЕТ КӨП»

– Қалай ойлайсыз, мемлекет зардап шеккен халық алдындағы тарихи жауапкершілігін толық орындады ма? Әлде әлі де өтелмеген міндеттер бар ма?

– Мемлекет полигонды жабу және ядролық қарусыздану бағытында тарихи шешімдер қабылдады. Бірақ зардап шеккен халық алдындағы жауапкершілік толық орындалды деп айта алмаймыз.Өтелмеген міндеттер әлі көп.

Олардың қатарында әділ өтемақы, сапалы медициналық бақылау, арнайы әлеуметтік бағдарламалар, экологиялық қалпына келтіру және кейінгі ұрпақтарға қатысты зерттеулер бар.

Тарихи жауапкершілік тек еске алу шараларымен шектелмеуі тиіс. Ол нақты мемлекеттік саясатпен көрінуі керек.

Қазір полигон аймағында тұратын немесе сол жерде туған адамдар қандай мәселелермен жиі ұшырасады? Денсаулық, әлеуметтік қолдау, жұмыс, экология – қайсысы ең өзекті?

– Бұл мәселелердің барлығы өзара байланысты. Бірақ ең өзектісі – денсаулық мәселесі.
Онкологиялық, жүрек-қан тамырлары, жүйке жүйесі аурулары мен түрлі созылмалы сырқаттар әлі күнге дейін жиі кездеседі. Сонымен қатар сапалы диагностикаға, білікті мамандарға және тиімді емге қол жеткізу оңай емес.

Өкінішке қарай, полигонның ең ауыр зардабын өз көзімен көрген алғашқы буынның қатары жыл сайын сиреп барады.

Сондықтан халық жиі көтеретін мәселелердің бірі – зейнеткерлік жасын қайта қарау. Бұл жай ғана әлеуметтік жеңілдік емес, денсаулығына орны толмас зиян келген азаматтардың тағдырын және мемлекет алдындағы тарихи жауапкершілікті мойындаудың белгісі.

Әділетсіздік, әлеуметтік қолдаудың жеткіліксіздігі, жұмыссыздық, кедейлік және экологиялық қауіп зардап шеккен адамдардың өмірін одан әрі ауырлатады. Сондықтан бір ғана бағытты бөліп қарамай, кешенді бағдарлама қажет.

«ЗЕРТТЕУЛЕР ҒЫЛЫМИ ЕСЕП БОЛЫП ҚАНА ҚАЛМАСА ЕКЕН»

Полигон құрбандарының кейінгі ұрпақтарына қатысты зерттеулер мен медициналық бақылау жеткілікті деңгейде жүргізіліп жатыр ма?

– Олай деп айту қиын. Жекелеген зерттеулер болғанымен, олар жүйелі әрі ұзақ мерзімді сипатқа ие емес.

Бүгінде бірыңғай медициналық тіркелім құрып, кейінгі ұрпақтың денсаулығын тұрақты бақылауға алып, генетикалық және эпидемиологиялық зерттеулерді кеңейту қажет.

Ең бастысы – бұл зерттеулер ғылыми есеп болып қана қалмаса екен.  Олар нақты медициналық және әлеуметтік шешімдердің негізіне айналуы тиіс.

Көпшілік полигон мәселесін өткен тарих ретінде қабылдай бастады. Бұл қауіпті көзқарас емес пе?

– Әрине, бұл – өте қауіпті көзқарас. Өткенді ұмыту – сол қателікті қайталауға жол ашу.
Полигон тарихы тек Семей өңірінің ғана емес, бүкіл адамзаттың сабағы болуы тиіс. Жас ұрпақ ядролық сынақтардың қандай зардап әкелгенін білуі керек. Сондықтан бұл тақырып білім беру жүйесінде, ғылымда, мәдениетте және қоғамдық кеңістікте тұрақты түрде айтылып отыруы қажет.

– Қазақстан өзін ядролық қарусызданудың көшбасшысы ретінде танытады. Бірақ осы халықаралық бедел полигоннан зардап шеккен халықтың өміріне нақты пайда әкелді ме?

– Қазақстанның халықаралық беделі өте жоғары. Бұл – еліміздің үлкен жетістігі. Алайда осы бедел полигоннан зардап шеккен халықтың күнделікті өміріне толық ықпал етті деп айта алмаймын.
Халықаралық бастамалар өңірлік медициналық бағдарламаларға, экологиялық жобаларға, ғылыми зерттеулерге және нақты көмек көрсету тетіктеріне ұласуы керек. Халықаралық мінберлерде айтылатын бастамалар нақты өңірлік бағдарламалармен жалғасуы керек.

– Семей өңірінің тұрғындары сізге көбіне қандай өтінішпен немесе мәселемен келеді? Соңғы жылдары олардың сұранысы өзгерді ме?

– Негізінен денсаулық сақтау, әлеуметтік төлемдер, заңдағы мәртебе, жеңілдіктер мен өтемақы мәселелері бойынша көп келеді.
Соңғы жылдары олардың сұранысы өзгеріп келеді. Бұрын көбіне бір реттік көмек сұраса, бүгінде жүйелі өзгерістерді талап етеді. Олар заңды жаңартуды, сапалы медициналық бақылауды және өз құқықтарының толық мойындалуын қалайды.

«ПОЛИГОН МӘСЕЛЕСІНЕ БІР РЕТТІК ШАРА РЕТІНДЕ ҚАРАМАУ КЕРЕК»

Полигоннан зардап шеккендердің мәселесін шешуге кедергі болып отырған ең үлкен фактор не? Қаржы ма, заң ба, әлде саяси ерік пе?

– Қаржы да, заң да маңызды. Бірақ ең бастысы – саяси ерік пен мемлекеттік деңгейдегі нақты басымдық. Егер саяси шешім қабылданса, заңды да өзгертуге, қажетті қаржыны да табуға болады.тҚазір бұл мәселе түрлі ведомство арасында бөлініп кеткен, бірыңғай жауапкершілік пен үйлестіру жеткіліксіз.
Семей полигоны және одан зардап шеккендер мәселесіне бір реттік мерейтойлық шара ретінде емес, ұзақ мерзімді ұлттық бағдарлама ретінде қарау қажет.

35 жылдан кейін Семей туралы айтқанда сізде үміт басым ба, әлде өкініш басым ба? Неліктен?

– Екеуі де бар. Өкінішім – осы уақыт ішінде шешілуі тиіс көптеген мәселе кейінге қалдырылды. Көптеген адам әділдікке жете алмай өмірден өтті. Уақыт жоғалттық.

Бірақ үмітім басым. Себебі бұл мәселеге бейжай қарамайтын жастар бар, азаматтық қоғам күшейіп келеді, халықаралық серіктестердің де қызығушылығы артып отыр. Мемлекет пен қоғам бірлесіп әрекет етсе, әлі де көп нәрсені өзгертуге болады.

«ӘР КЕЙІНГЕ ҚАЛДЫРЫЛҒАН ШЕШІМ – БІР АДАМНЫҢ ӘДІЛЕТТІЛІКТІ КӨРМЕЙ КЕТУІНЕ ӘКЕЛЕДІ»

Семей полигоны – өткеннің қасіреті ғана емес, болашаққа берілген сабақ. Қазақстан бұл сабақтан толық қорытынды шығара алды ма?

– Қазақстан ядролық қарудан бас тарту арқылы әлемге үлкен үлгі көрсетті. Бірақ полигоннан зардап шеккен адамдардың мәселесі толық шешілмейінше, тарихи әділеттілік толық орнады деп айтуға болмайды.

Негізгі сабақ – адам өмірі мен денсаулығы кез келген әскери немесе саяси мақсаттан жоғары тұруы тиіс. Бұл қағида халықаралық мінберлерде ғана емес, еліміздің ішкі саясатында да нақты көрініс табуы қажет.

Өкінішке қарай, уақыт біздің пайдамызға жұмыс істемейді. Бүгін біз заңмен емес, уақытпен жарысып келеміз. Полигонның тірі куәгерлері жыл сайын азайып барады. Сондықтан әр кейінге қалдырылған шешім – бір адамның әділеттілікті көрмей кетуіне әкеледі.

Сұхбаттасқаныңызға рахмет!

Дана Нұрмұханбет

Комментарии
Другие материалы