Айып пен ақы. Алматыда көлікті тұраққа қою ережесі өзгереді

140
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/z3RVRP8U3KnWb9oOm4Tj7HxPQhRie9RS1lHub6az.webp

Алматыда көлікті тұраққа қою тәртібіне бірқатар өзгеріс енгізіледі. Қалалық мәслихат жол қозғалысын ұйымдастыру қағидаларын бекітті, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.

Құжат 5 тамызда ресми жарияланды, 16 тамыздан бастап ресми күшіне енеді.

Жаңа ережеге сәйкес, қаладағы ақылы тұрақтардың жұмыс уақыты ұзарады. Қазір тұрақтар сағат 19:00-ге дейін ақылы болса, 16 тамыздан бастап бұл уақыт 20:00-ге дейін жалғасады. Ақылы тұрақ орындары көк түсті үзік сызықпен белгіленеді.

Сонымен қатар тұрақ ақысын есептеу тәртібі өзгереді. «Алматы паркинг» ақыны сағат бойынша емес, минут сайын есептейтін болады. Бір минутқа белгіленетін нақты тариф әзірге жарияланған жоқ.

Көппәтерлі тұрғын үйдегі пәтер және тұрғын емес үй-жайлардың иелері мен жалға алушылары үшін жеңілдік қарастырылған. Олар үй орналасқан жерден 500 метр радиустағы бір тұрақ орнын тегін пайдалана алады. Бұл мүмкіндік бір үйден бір көлікке беріледі. Алайда ереже бизнес-орталықтарға қолданылмайды.

Тегін тұрақ орнын пайдалану үшін азамат басқарушы ұйымға немесе «Алматы паркинг» интернет-ресурсы арқылы өтініш беруі керек. Өтініштерді «eOtinish» платформасы арқылы да қабылдау мүмкіндігі қарастырылған.

Компанияның call-орталығының мәліметінше, өтініштерді қабылдау 16 тамыздан басталады. Тегін тұраққа рұқсат алу мерзімі әзірге нақтыланбаған.

Сондай-ақ ақылы тұрақтарға мемлекеттік нөмірі жарамсыз, дұрыс орнатылмаған, тозған немесе нөмірді сәйкестендіруге кедергі келтіретін өзгерістер енгізілген көліктерді қоюға болмайды.

Жеке мобильділік құралдарына, оның ішінде велосипед пен самокаттарға арналған арнайы тұрақ орындары да қарастырылған. Олар арнайы жол таңбаларымен белгіленеді және тегін болады.

Бұдан бөлек, 16 тамыздан бастап Алматыда көлікті айыптұраққа жеткізу және онда сақтау қызметі ақылы болады. Қызмет құны әзірге белгіленген жоқ.

Комментарии
Другие материалы