Фото: Маңғыстау облыстық экология департаменті
7 тамызда Маңғыстау облысындағы Құлжан мұнай кен орнында өрт шықты. Өрт "Meerbusch" ЖШС-нің мұнай қабылдау пунктінде болған, деп хабарлайды "Адырна".
Алдын ала мәлімет бойынша, өрт РВС №2 сыйымдылығы 2000 текше метрлік резервуардың түбіндегі шөгінділерді тазалау жұмыстары кезінде ЦА-320 цементтеу агрегатында тұтанған. Жұмыс жүргізілген сәтте резервуар бос болған, онда мұнай болмаған.
Зардап шеккендер жоқ. Өрт сағат 19:20-да оқшауланып, 20:00-де толық сөндірілді. Қазіргі уақытта нысан штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Алдын ала мәлімет бойынша, айтарлықтай материалдық шығын анықталмаған, деп хабарлады облыстық Экология департаменті.
Мұнайдың технологиялық жабдықтар мен нысан аумағынан тыс жерге төгілуіне жол берілмеді.
Оқиға туралы Маңғыстау облысының төтенше жағдайлар департаменті мен Мемлекеттік еңбек инспекциясына хабарланған.
Өрттің шығу себебі, келтірілген залалдың ықтимал көлемі және оқиғаға құқықтық баға нысанды тексеру мен зерттеу жұмыстары аяқталғаннан кейін анықталады.
