Қазақстан Каспий теңізін зерттеуге бірнеше миллион доллар бөледі

101
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/RedgU53q6gB2wTcTP9tpSxPvL9Bku9bPVBDxKMEf.webp

Қазақстан Каспий теңізінің экологиялық жағдайын бақылау жұмыстарын күшейту мақсатында шамамен 2,36 миллион доллар бөліп, ғылыми-зерттеу жұмыстарына қажетті заманауи жабдықтар сатып алмақ, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Үкімет мәліметінше, қаржы мемлекеттік резервтен Каспий теңізін зерттеу бағытында жұмыс істейтін ғылыми ұйымға бөлінген. Жаңа құралдар теңіздегі экспедициялар кезінде және мамандандырылған гидробиологиялық, гидрохимиялық зертханаларда қолданылмақ. Қазір Қазақстанның Каспий бөлігінде қоршаған ортаның жағдайы бірнеше бағыт бойынша тұрақты бақыланады. Мамандар ауа райы мен су деңгейінен бастап, судың химиялық құрамын, биологиялық көрсеткіштерді және теңіз түбіндегі шөгінділерді зерттейді. Жалпы мониторинг 50 көрсеткішті қамтиды. Жағалау аумағында тағы 26 параметр бойынша бақылау жүргізіледі. Зерттеу жұмыстары теңіздегі арнайы станцияларды да қамтиды. Биыл 21 станцияда екі ғылыми экспедиция өткізу жоспарланған. Бұған қоса, жағалаудағы 22 нүктеде тұрақты бақылау ұйымдастырылған.

Каспийдің экологиялық мәселелері бір ғана елдің аумағымен шектелмейтіндіктен, Қазақстан басқа да Каспий маңы мемлекеттерімен бірлескен жұмыстарды жалғастырып келеді. Қазір тараптар теңіздегі өзгерістерге бейімделу және оның экожүйесін сақтау жөніндегі ортақ іс-қимыл жоспарын талқылауда.

Жоспарға елдер арасындағы ғылыми ақпарат алмасу, зерттеу нәтижелерін үйлестіру және Каспийдің табиғи ресурстарын қорғауға бағытталған бірлескен шаралар енгізілуі мүмкін.

Комментарии
Другие материалы