52 жасқа қараған шағында өмірден озған ақын Бекжан Әшірбаевтың денесі тамыздың 16-сында туған жері Түркістан облысы Мақтаарал ауданы Мырзакент мекенінде жер қойнына табысталды. Ақынның қоғам, әлеумет және саясат тақырыбындағы өлеңдерін назарларыңызға ұсынамыз.
АНА ТІЛІНЕ АРАША
немесе суицидтік мінез-құлықтың алдын алу
Жақсылардың қалған теріп жаңқасын,
Тәу етемін туған жердің әр тасын.
Ойға қалам музейлерден көргенде,
Динозавр, мамонттардың қаңқасын.
Әлем біздің мойындайды деңгейді,
«Ел көңілі даласындай кең» дейді.
Неге бірақ Алғыс айту күнінде,
Отандастың тілі «Р»- ға келмейді.
Болашағың набыт болар жәйітті аңда,
Аман қалам тоқтататын тәйт барда.
Өз шындығым алар бәрін түзетіп,
Өз тіліңде өтірік айт, айтсаң да!
Намыстының соры артта, бағы алда,
Немкеттілік құлатпасын тағы орға.
Сене бергін, сөндіреміз жабылып,
Өрт болғанын өз тіліңде хабарла!
Келін түсті әкеп үйге ырысты,
Қуғыншылар әдетінше «құрысты».
Дәу жеңгесі, қарасаң да сөздікке,
Өтінемін, өз тіліңде ұрысшы!
Ертеңіме алаң көңіл, жүндейді ой,
Күдігіңді таң ататын түндей жой.
Өз жеріңде өз тіліңде сөйлемеу –
Өз-өзіңе қол салумен бірдей ғой!..
ЖЕТІ ЛАҚТЫҢ ЗАРЫ
Орманымның саяси өрті қаптай,
Жылға суы бітелді еркін ақпай.
Аңғал халқым тағы да сеніп қалды,
Есік ашқан қасқырға жеті лақтай.
Арғы-бергі тарихты қаузар болса,
Бедел сату өндірмес саудаңды онша.
Мансап деген қалмай ма көр алдында,
Көз алдымда құлады таулар қанша?!
Біздің елде алдымен айлаң тұрар,
Ақылдының сау миын айран қылар.
Сені – ешбір танымал еместігің,
Ең танымал адамға айналдырар.
Алғашында көріндің жандай тұмса,
Кімге обалы сенімдер оңбай сынса.
Сахнада сөзіңе сүйсінген ел,
Сәлеміңді қайтесің алмай тұрса?
Жүре бермек ойдасың бұғып әлі,
Жабылады дейсің бе жылы бәрі?
Ант бересің нешінші талпыныстан,
Жылдың үздік «сиқыршы, ұрылары»?
Бойын биік көрсетіп тәжі ғана,
Құлауына қалғандай аз жыраға.
Баклажанды қазақша аударғандай,
Тез айналды-ау бұларың әжуаға...
ҚАЙШЫЛЫҚ
немесе саясат алаңындағы соңғы би
Айыра алмас жасандыдан жақұтты,
Қорқам елден түсінігі тар тіпті.
Жоғалтқанда мемлекеті іздейтін,
Ақынынан қылмыскері бақытты.
Айналаны басқандай ма марту шын,
Кітап ашпас надан қалай нар тусын?
Қазір аға қызметкерден ғылыми,
Дүкендегі сыйлы кіші сатушың.
Айтса бақа батпағына сай əнін,
Үнсіз тыңдар көп көкемді аядым.
Бірақ олар кешірмейді сені оңай,
Байқаусызда басып кетсең аяғын.
Алдарқатып шығай жұртын шайқымен,
Кернейлетіп тойға мінер бай күрең.
Бұл заманның қаһарманы болып жүр,
Топ кептерді үркіткендер тəйтімен.
Жас тоқалдай бұзылмаған бəдені,
Қимаймыз ғой билік деген бəлені.
Сахнадан сыйың барда кете біл,
Аяқталған би сияқты əдемі!..
ӘЛЕУМЕТТIК ПАРАЛЛЕЛЬ
Сатып алар ештеңе жоқ тиынға,
Тұрмыс ауып бара жатыр қиынға.
Дастарқаны тым жұпыны көрiнер,
Диқан үйi жарты құрсақ биыл да.
Кеудесiнде қарсы келiп екi ұран,
Ол отырар тоқ күндерден көшiп ән.
Жаңа қазақ сұхбат берiп сол сәтте,
Сүйiктi асын айтып жатар экран.
Бас бармақпен ешкiм бермес бағамды,
Сайтан дағды сапыруда санамды.
Тоңазытқышы толмай қалып жеңгемнiң,
Сол кәстөммен көрдiм тағы ағамды.
Қайта ашылып бiтеу тұрған жарамыз,
Жуан ата балаларын бағамыз.
Қабат үйдi жертөледен қызықтап,
Ащудастай қышқылданып барамыз.
ҚҰРБАНДЫҚ
Жұлдызсың, сен үшін бәрі – ура!
Бүрышта тұрасың сүйісіп.
Қолтаңба бересің аруға,
Қолдарың байқамай түйісіп.
Ұмытып ауыздың тобасын,
Мінесің суайттық саңдағын.
Мотормен жүргендей боласың,
Сезбейсің кеудеңде жан барын.
Берген серт қалмайды күшінде,
Жалауын бір қыздың жығасың.
Жиырма төрт сағаттың ішінде,
«Ол елді» тастап сен шығасың.
Еркесің халыққа танылған,
Қалады ол арқалап жарты үміт.
Кремль есігі салынған,
Үйіңе кіруге тартынып.
Көрмейсің той шықса үй бетін,
Ол болса күтеді асығып.
Сен қойған концерттің билетін,
Сақтайды сырт көзден жасырып.
Өкпелер… Саған не сөгісі?!..
Алма төс әр тұста жүр қаңғып.
Ақымақ келетін көбісі
Іздейсің жаңадан құрбандық.
Сезімге жоқ сенде шын қарау,
Серписің сәтінде тұяқты.
Бұрымды бақытын бұрмалау –
Бұл саған ритуал сияқты.
Айналып сахна сәніне,
Тамсанар көркіңе алау жүз.
Пәк сезім туралы әніңе,
Қосыла бастайды анау қыз...
БАҚЫТ ТІЛЕУ
Тоғыз болмай келіп алар жұмысқа,
Қыздар қашан шығар екен тұрмысқа?
Алғаш жауған қар оятқан үміттер,
Аяқталып келе жатыр бұл қыста.
Жұлдыздары жұп құраңдар ғаламның,
Мен бәріңнің тағдырыңа алаңмын.
Мүмкін сізге түсініксіз көрінер,
Бағын тілеу танымайтын адамның.
Қызық па өмір ешкім сені қызғанбас,
Кетер ме естен алған сәтің гүлді алғаш?!
Бақыт деген – қалыңдық ол тойдағы,
Үміт деген – қасындағы қызжолдас.
Жүректер-ай, сезім қылы шертілген,
Сабыр етші сәттеріңде бөртінген.
Арманым жоқ құтқара алса бір әнім,
Секіргелі тұрған қызды көпірден...
Бекжан Әшірбаев
