Президент: Ұстаздардың 95 пайызы өз жұмысына көңілі толатынын айтты

395
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/LAbjcmaIJ1ZcB1eWC4QXpu2I0CcQlu6AHv2baC70.jpg

Бүгін, 26 тамызда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республикалық тамыз конференциясының пленарлық отырысында сөз сөйледі, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Бүгінгі жиынға Қазақстанның барлық аймағынан ұлағатты ұстаздар арнайы келіп отыр. Мықты мұғалім – сапалы ұлттың тірегі, бұл – нағыз ақиқат. Бүгін өте ұтымды, мазмұнды баяндамаларды тыңдадық, тиімді пікірлер мен ұсыныстар айтылды. Сөз сөйлеген ұстаздарға, бүкіл мұғалімдер қауымына ризашылығымды, ілтипатымды білдіремін. Ұстазды ұлықтаған елдің келешегі жарқын болары айдан анық. Сіздер жас буынға терең білім беріп, саналы, озық ойлы және отаншыл ұрпақ тәрбиелеуге зор еңбек сіңіріп жүрсіздер. Осылайша, бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыруға атсалысып келесіздер»,– деді ол.

Президенттің сөзінше, елімізде «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданып, биыл оған ұстаздарға қосымша құқықтық және әлеуметтік кепілдіктер беретін өзгерістер енгізілген. Сондай-ақ 5 қазан ресми түрде Мұғалімдер күні ретінде бекітілген.

Тоқаев мемлекеттік марапаттар қатарына «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы енгізілгенін атап өтті. Қазіргі таңда бұл жоғары марапатқа 100-ге жуық педагог ие болған. Сонымен қатар соңғы үш жылда үш мұғалімге ең жоғары мемлекеттік награда – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілген.

«TALIS-2024 (The OECD Teaching and Learning International Survey) зерттеуінің нәтижесіне сәйкес, Қазақстан мұғалімдердің беделін нығайту көрсеткіші жөнінен екінші орында тұр. Сондай-ақ ұстаздардың еңбекақыға қанағаттану өлшемі бойынша еліміз әлемдегі алғашқы бес мемлекеттің қатарына кіреді. Атап айтқанда, ұстаздардың 95 пайызы өз жұмысына көңілі толатынын айтқан. Ал 80 пайызы осы мамандықты қайта таңдауға дайын екенін жеткізген»,— деді ол.

 

Комментарии
Другие материалы