Президентке бағынады. Қауіпсіздік кеңесінің аппараты мемлекеттік орган ретінде құрылды

194
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/bDl5PrwmFfKlhw8Sp5dpDvKG7nc0zyif1DVdme5G.jpg

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру шаралары туралы» Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды “Адырна”. 

Құжатқа сәйкес, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің аппараты мемлекеттік орган ретінде құрылды.

Жаңа мемлекеттік орган Президентке тікелей бағынады және есеп береді.

Қауіпсіздік кеңесі – ұлттық қауіпсіздік пен елдің қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету, егемендігін қорғау саласындағы бірыңғай мемлекеттік саясатты үйлестіретін конституциялық алқалы орган. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы қызметін Президент атқарады. 

Мемлекет басшысы бұған дейін Құрылтайдың бірінші шақырылымының алғашқы сессиясының ашылуында Қауіпсіздік кеңесі төрағасының жаңа орынбасары қызметі енгізілетінін айтқан.

«Құрылтайдың құрылымы қалыптасқаннан кейін депутаттардың қарауына вице-президент пен Премьер-Министрдің кандидатураларын енгіземін. Одан кейін сіздермен консультациялар өткізген соң Үкімет мүшелерін тағайындаймын. Сонымен қатар Қауіпсіздік кеңесі төрағасының жаңа орынбасары қызметіне тағайындау жүргізіледі», – деді Президент Тоқаев.

20 тамызда Президент Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізіп, сирек жер металдары саласын дамыту мәселелерін қараған.

Айта кетейік, қауіпсіздік кеңесінің мәртебесі соңғы жылдары бірнеше рет өзгерді.

2018 жылы заңнамаға енгізілген өзгерістерден кейін Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Қауіпсіздік кеңесін өмір бойы басқару құқығы берілді. Бұл норма сол кездегі «Тұңғыш Президент – Елбасы» туралы конституциялық заңда бекітілген еді. 

Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылы президенттік өкілеттігін тоқтатқаннан кейін де Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы қызметін сақтап қалды.

Алайда 2022 жылғы Қаңтар оқиғаларынан кейін Қауіпсіздік кеңесіне қатысты заңнамаға өзгерістер енгізіліп, Президенттің осы органды басқаруы бекітілді. Қолданыстағы заң бойынша Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы – Қазақстан Президенті. 

Комментарии
Другие материалы