Моңғолия президенті Ухнаагийн Хүрэлсүх 13–14 қыркүйек аралығында қазақ диаспорасы мекендейтін Қобда және Баян-Өлгий аймақтарына жұмыс сапарымен барады, деп хабарлайды "Адырна".
Сапар барысында мемлекет басшысы Қобда аймағында Эрденебүрэн су электр станциясының құрылыс барысымен танысады. Сондай-ақ аймақ тұрғындарымен кездесіп, мемлекеттік саясат, ұлттық қозғалыстар мен жүзеге асырылып жатқан бағдарламалар туралы ақпарат береді.
14 қыркүйекте Ухнаагийн Хүрэлсүх Баян-Өлгий аймағының Өлгийде Бүхүн тауына Ұлы Шыңғыс ханның құрметті портретін орнатуға арналған салтанатты рәсімге қатысады.
Сонымен қатар Моңғолия президенті аймақ тұрғындарымен кездесіп, Өлгий сұмынындағы №2 орта мектепке барады. Онда мектептің педагогикалық ұжымымен және қызметкерлерімен кездеседі.
Айта кетейік, қазақ диаспорасы Қобда мен Баян-Өлгийге ХVIII ғасырда көшкен. Ал 1940 жылы Баян-Өлгий аймағын құру туралы шешім қабылданды.
