«Шынайы тарихты білу қателікті қайталаудан сақтайды»

87
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/Ook3qmlsqp7zhHtiAYktBt53dlXANuwZnfJEm8EZ.png

10 қыркүйекте Моңғолияда саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні атап өтілді. «Бұл — көптеген отбасылардың жүрегінде әлі күнге дейін сыздаған тарих беттерін тыныштықпен зерделеу және ой толғау күні» деп жазды жергілікті басылымдар. Ұлан-баторда шығатын «Өдрийн Сонин» басылымының сұхбатында Моңғолиядағы нәубет, қасіреттің қыр-сыры айтылады.

Осы трагедияда дін өкілдерінің тартпаған азабы жоқ. Жаппай қуғын-сүргін жылдарында будда монахтары басты нысанаға айналды: мыңдаған адам бостандығынан, ал көбі өмірінен айырылды. Сайып келгенде, осы кезеңде ғасырлар бойы моңғол халқының болмысын қалыптастырған тұтас рухани мәдениетті жоюға әрекет жасалды.

Бұл турасында Ұлан-Батордағы ірі рухани орталық ретінде танымал екі ғасырлық тарихқа ие Гандантегченлин монастырінің қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Ч.Бямбаджаргал Моңғолияның «Өдрийн Сонин» басылымына берген сұхбатының қысқартылған аудармасын ұсынамыз.

— Моңғолияда саяси қуғын-сүргінді жыл сайын еске алып келе жатқанына 30 жыл болды. 20 мыңнан астам монах қуғын-сүргінге ұшырады деседі ғой? Бұл қаншалықты рас?

— 10 қыркүйек біздің ел үшін күнтізбедегі жай ғана дата емес, терең қайғы-қасірет күні. Монастырь қабырғасындағылар бұл күнге ерекше ықыласпен қарайды: бұл — саяси репрессияның табанына тапталып, өмірі тас-талқан болғандардың рухына дұға бағыштап, тағзым ететін күн.

Ресми статистикаға сүйенсек, 1921 жылдан 1990 жылға дейінгі кезеңде 37 мыңнан астам адам тұтқындалып, жазаланған. Бирақ тарихшылар жақында өткен ғылыми конференциялардың деректеріне сүйене отырып, бұл сандар мұнымен шектелмейтінін айтады. Тікелей қуғын-сүргінді ғана емес, оған қосарланған жанама қудалауды да есепке алсақ, зардап шеккендердің саны 45–55 мыңға, тіпті одан да көпке шырқап жетеді.

Басты соққы дін өкілдеріне бағытталды. Мұны түсіну өте ауыр. ХХ ғасырдың басында моңғол еркектерінің басым бөлігі монахтар еді, дәл солар негізгі нысанаға айналды. 1922 жылы ауқатты адамдарды кәмпескелеуден басталған қуғын-сүргін отызыншы жылдары ауқымды апатқа айналып жүре берді. Түрлі деректерге қарағанда, 18-20 мың лама жасамаған қылмыстары үшін жазаланды. Мыңдаған адам атылды, қалғандары жер аударудың, түрмелердің және мәжбүрлі жұмыстардың тозағынан өтті. Шекпенін малшы таяғына мәжбүрлі түрде айырбастатқандарды немесе майданға жіберілгендерді қосқанда: ламалар барлық қуғын-сүргінге ұшырағандардың шамамен 70 пайызын құрағаны айқын. Ол жылдары будда қауымдастығы дерлік жойылды.

Бұл кезең Моңғолияға әлі күнге дейін жазылмайтын жара салды: мәдениетімізге, дінімізге және тұрмыс-салтымыздың өзіне орасан зор зиян келтірілді. Тек 1996 жылдан бастап осы оқиғалар құрбандарын ресми түрде еске алып келеміз.

Бұл күн біздің монастырь үшін тек жаназа дұғасын оқитын уақыт емес. Біз бұл трагедияның ұмытылмауы үшін бәрін жасауға тырысамыз: ғылыми пікірталастар, ағартушылық кездесулер мен ашық дәрістер өткіземіз. Шынайы тарихты білу және шын жүректен етілген дұға ғана болашақ ұрпақты осындай қателіктердің қайталануынан сақтайды деп сенеміз. Біз құрбан болған әрбір жанды есте сақтаймыз және олардың рухы үшін дұға етуді жалғастырамыз.

— Жалпы, ол кезде монахтардың арасында рухани ойлауы дамыған білімді адамдар көп болды ма?

Моңғолия тарихындағы ол кезең үрей атмосферасына толы еді. Сол қарсаңда ламалардың ықпалы орасан зор болатын.  Бір «әттеген-айы» — олар бұқараны ағартуға ұмтылмады, олардың терең рухани білімдері жабық қалып, тек таңдаулы тар ортаға ғана қолжетімді болды. Бұл адамдар үлкен беделге ие еді, әсіресе реинкарнация (жанның бір денеден екіншісіне көшуі) мәселесында оларға теңесетін ешкім болған жоқ. Жаңа билік бұдан өзіне қауіп көрді.

Дегенмен қуғын-сүргін тек рухани өкілдермен шектелмеді. Соққыға еліміздің барлық озық интеллигенциясы — басқаша ойлайтын және қоғамды дамытуға тырысқандар ілікті. Үлкен ламалар ұстаздарын шәкірттерімен бірге Бомбогерге жер айдап,  сонда оларды идеологиялық өңдеу арқылы рухын сындыруға тырысқанын еске алатын.

Трагедияның ауқымы үрей туғызды: репрессия ешкімді аямады. Тіпті биліктің жоғарғы эшелонындағылар да құрбан болды. Бірден алты министрдің құрбан болғаны белгілі. Бұл сол кездегі мемлекеттік аппараттың толық дестабилизацияланғанын білдіреді. Сорақысы — бұл тоқпақтың зардабын қарапайым халық тартты. Шын мәнінде, Моңғолияның бүкіл халқы зардап шекті. Рухани көшбасшылардан бастап, бұл қатігез кезеңде өмірлері күйреген кедейлерге дейін аман қалғаны жоқ.

— Бүкіл Моңғолия бойынша көптеген ғибадатханалар мен монастырьлар қиратылды. Орасан зор тарихи және мәдени мұра жойылды ма?

Қуғын-сүргін жылдары Моңғолияға төнген мәдени апаттың ауқымын біз әлі күнге дейін толық түсіне алмай келеміз. Ресми статистикада 1200 қираған монастырь туралы айтылады. Бірақ бұл цифр — сұмдық шындықты жасырып тұрған айсбергтің шыңдары ғана.

Бар мәселе есептеу жүйесінің өзінде жатын. Сол кездегі құжаттарда ондаған бірегей ғимараттардан тұратын тұтас монастырь кешені «бір объект» ретінде көрсетілген. Ол шағын мекен болсын, немесе Гандантегчинлен сияқты еңселі ансамбль болсын — жазалау машинасы үшін бұл жойылатын тізімдегі бір ғана нысан еді. Біз әлі де шынайы көріністі қалпына келтіруге тырысып жатырмыз, бірақ жоғалған ғибадатханалардың нақты саны құрғақ архивтік деректерден бірнеше есе көп болуы мүмкін.

Еліміздің кайталанбас келбетін қалыптастырған қаншама архитектуралық шедеврлердің мәңгілікке жоғалғанын ойлағанда жүрек сыздайды. Тек қабырғалар ғана емес — моңғол сәулет өнерінің дәстүрінің өзі жер бетінен өшірілді. Сайн Нойон ханының сарайы, Сецен-ханның еңселі құрылыстары, Баянхонгордағы Ламаен Гегеен монастыры, Тариат сарайы — бұл есімдер бүгінде жоғалған ұлылықтың жаңғырығы сияқты естіледі.

Бирақ ғимараттарды қирату жоспардың бір бөлігі ғана еді. Режим халықтың жадын, есте қалғандарының өзін өрттеп жіберуге ұмтылды. Ата-баба мұрасы мен даналығы сақталған қасиетті мәтіндер отқа оранды. Осы сұлулықты өз қолымен жасаған шеберлер қудаланып, жойылды. Тарихымыз бен мәдениетіміз туралы шындықты білетіндер, уақыт байланысын үзу үшін, аяусыз жазаланды.

Бүгінде біз түсінеміз: ол кезде тек дін жойылған жоқ. Ұлы даналарымыздың еңбектерін өртеп, бүкіл адамзаттың мақтанышы бола алатын бірегей мұраны күлге айналдыра отырып, ұлттың интеллектуалдық және рухани іргетасын жойды. Біз бұл қаралы беттерді зерттеуді жалғастырамыз, бірақ мәңгілікке жоғалтқан нәрселерімізді түсіну моңғол мәдениетінің денесінде жазылмайтын жара болып қала береді.

— Хамбин-Овоо мемориалы туралы не айта аласыз?

— Жыл сайын Репарация жөніндегі мемлекеттік комиссия өкілдері саяси қуғын-сүргін жылдарында өмірлері қайғылы түрде үзілгендерді еске алу үшін Хамбин-Овоодағы «Давхарлагт Бейсин Суварга» мемориалына келеді. Бұл  жай ғана ескерткіш емес, қатігез кезеңнің құрбаны болған жүздеген монахтың мәңгілік тыныштық тапқан орны.

Бұл орынның тарихы әлемге 2003 жылы кездейсоқ ашылды. Экскаватор шөміші жер бетіне корқынышты олжаны шығарды: адам сүйектері, монах киімдерінің фрагменттері мен жеке заттар. Топырақ астында жаппай жерленген орын жатқаны белгілі болды.

Содан бері зерттеушілер Хамбин-Овоо мыңға жуық монахтың соңғы мекеніне айналды деген қорытындыға келді. Бүгінде бұл орын ұмыту мүмкін емес трагедияны еске салып, әділетсіз өмірден айырылғандарға терең құрмет көрсету қызметін атқарады.

— Орынды сұрақ туындайды: зардап шеккендерді «ақтау» бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр ма?

— Бүгінгі таңда біз тарихи әділдікті қалпына келтіру туралы көп айтамыз. Мемлекет саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен адамдарды реабилитациялау бойынша белсенді жұмыс істеуде: олардың есімдері жаңғыртылып, ал отбасылары бұзылған тағдырлары үшін компенсация алады. Бұл маңызды әрі қажетті процесс. Бұл жерде көбіне назардан тыс қалатын бір аспект бар: біздің мәдениетіміздің сақтаушысы болған институттардың тағдыры не болмақ? Сөз монастырьлар мен монахтар қауымдастығы туралы болып отыр.

Қуғын-сүргін туралы айтқанда, біз соққының тек жеке тұлғаларға ғана емес, тұтас мәдени қабаттарға тигенін жиі ұмытып кетеміз. Монастырьлар ағартушылық орталықтары, архитектуралық шедеврлер және ұлттың рухани жадының сақтаушылары болды. Оларды жауып, тонап, ал осы мұраны сақтауға өмірін арнаған монахтарды лагерьлерге жіберді.

Іс жүзінде біз оғаш бұрмалаушылықты көреміз. Егер жеке адам өзінің кінәсіздігін танытып, тіпті символикалық компенсацияға үміт арта алса, монастырьлар институция ретінде құқықтық вакуумда қалады. Бүгінде монастырьлар — бұл жай ғана ғимараттар емес, мемлекеттік қысымның ондаған жылдарында қираған нәрселерді қалпына келтіруге тырысып жатқан тірі организм. Дегенмен, монастырьлар үшін компенсация жүйесі жоқ.

Мүмкін, реабилитацияға деген көзқарасты қайта қарайтын уақыт келген шығар. Өйткені ақтау — бұл тек архивтік анықтамадағы сөздер емес. Бұл — адам сияқты ұйымның да өмір сүруге, дамуға және жаратуға болған құқығы тартып алынғанын мойындау. Егер біз бұл тарих бетін шынымен жапқымыз келсе, онда тек жеке компенсациялар туралы ғана емес, жер бетінен өшіріліп, бірақ керемет түрде қайта жаңғырған институттарды қолдау туралы да ойлаған әділетті болар еді.

Өдрийн Сонин

Комментарии
Другие материалы