Елімізге төртінші байланыс операторы қажет пе?

217
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/7kX7LlT0tHfaXQNDagy04uOrKY9TOwzNLJicokpL.jpg

Қазақстанда ұялы байланыс әлдеқашан қарапайым байланыс құралы болудан қалды. Бүгінде мобильді интернет пен телекоммуникация онлайн төлемдерден бастап мемлекеттік қызметтерге, электронды саудаға, бизнес пен цифрлық технологиялардың дамуына дейінгі маңызды инфрақұрылымның бір бөлігіне айналды. Осыған байланысты байланыс нарығы да қарқынды өсіп келеді.

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2026 жылдың қаңтар–шілде айларында көрсетілген байланыс қызметтерінің көлемі 913 млрд теңгені құрады. Салыстыру үшін айтсақ, 2020 жылы бұл көрсеткіш жылына 884,5 млрд теңге болса, 2025 жылдың қорытындысында нарық көлемі шамамен 1,5 трлн теңгеге жеткен.
Соңғы уақытта әлеуметтік желілер

мен БАҚ-та Қазақстанда төртінші мобильді оператор пайда болуы мүмкін деген әңгіме жиілей түсті. Әсіресе Алматыдағы тұрғын үйлердің бірінің төбесіне орнатылған белгісіз байланыс жабдығы туралы видео бұл талқылауды күшейтті. Осыдан кейін «Қазақстанға тағы бір оператор керек пе?» деген сұрақ қайтадан күн тәртібіне шықты. Алайда бұл мәселені тек «оператор көп болса, бәсеке күшейеді» деген қарапайым көзқараспен қарастыру жеткіліксіз.

Қазақстандағы нарық қандай?

Қазір елімізде үш инфрақұрылымдық оператор жұмыс істейді:

* «Кселл» АҚ (Kcell және activ);
* «КаР-Тел» ЖШС (Beeline және izi);
* «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС (Tele2 және Altel).

2025 жылы Tele2 мен Altel операторларын басқаратын «Мобайл Телеком-Сервис» толықтай қатарлық Power International Holding компаниясының меншігіне өтті. Осылайша бүгінде Қазақстан нарығында үш тәуелсіз инфрақұрылымдық оператор өзара бәсекелесіп отыр.

Сондықтан төртінші оператордың пайда болуы жай ғана жаңа брендтің шығуы емес. Бұл жаңа ұлттық желі құруды, жаңа радиожиіліктер алуды, базалық станциялар орнатуды, көлік инфрақұрылымын дамытуды және мыңдаған шақырым желіні ұстап тұруды қажет ететін ірі инвестициялық жоба болмақ.

Байланыс нарығына кіру неге қымбат?

Ұялы байланыс нарығы кез келген компания оңай кіре алатын сала емес. Мысалы 2022 жылдың соңында өткен 5G жиіліктерінің аукционында екі лоттың өзі 156 млрд теңгеден астам сомаға сатылды. Бұл – тек радиожиіліктер үшін төленген қаражат. Ал желіні салу, базалық станциялар орнату, жабдық сатып алу, техникалық қызмет көрсету және қамту аумағын кеңейту үшін тағы жүздеген миллиард теңге қажет.

Соңғы жылдары телекоммуникация саласындағы инвестициялар көлемі де айтарлықтай өсті. 2023–2025 жылдары ақпарат және байланыс секторына 1,2 трлн теңге инвестиция салынды. Бұл алдыңғы үш жылмен салыстырғанда 2,5 есе көп.

Жекелеген операторлардың шығындары да саланың қаншалықты капиталсыйымды екенін көрсетеді:

* Kcell 2023 жылдан 2026 жылдың бірінші жартыжылдығына дейін 411,8 млрд теңге инвестициялады;
* «КаР-Телдің» капиталдық шығындары 288,6 млрд теңгені құрады;
* Tele2/Altel желісін дамытуға 2030 жылға дейін 400 млрд теңгеден астам инвестиция салуды жоспарлап отыр.

Қазақстанның аумағы үлкен, халық тығыздығы салыстырмалы түрде төмен екенін ескерсек, жаңа оператор тек Алматы мен Астанада емес, ауылдарда, шалғай өңірлерде, автомобиль және теміржол бағыттарында да сапалы байланыс қамтамасыз етуі тиіс.

Төртінші оператор не бере алады?

Теориялық тұрғыдан алғанда жаңа оператордың келуі бірнеше оң нәтиже беруі мүмкін. Біріншіден, нарықтағы бәсеке күшейеді. Екіншіден, тұтынушылардың таңдау мүмкіндігі артады. Үшіншіден, операторлар тарифтер мен қызмет сапасы бойынша белсендірек бәсекелесуге мәжбүр болады.

Жаңа компания байланысы әлсіз немесе мүлде жоқ өңірлерді қамтып, жаңа инвестиция тартып, 5G желісінің дамуын жеделдетсе, оның нарыққа қосатын құндылығы айтарлықтай болуы мүмкін. Десе де, жаңа оператор қолданыстағы желілерді толықтырады ма, әлде бар инфрақұрылымды қайталай ма?

Егер төртінші желі негізінен қазірдің өзінде жақсы қамтылған қалаларда салынып, тек абоненттерді бір оператордан екіншісіне ауыстырумен шектелсе, онда оның экономикалық тиімділігіне қатысты сұрақтар туындайды.

Төртінші оператордың тәуекелдері қандай?

Халықаралық тәжірибе жаңа оператордың келуі әрдайым оң нәтиже бермейтінін көрсетеді. Internet Society зерттеуіне сәйкес, 2008–2020 жылдары әртүрлі елдерде нарыққа жаңа оператор кірген кезде қолданыстағы компаниялардың бір абоненттен түсетін орташа кірісі (ARPU) шамамен 20%-ға төмендеген.
Тарифтердің төмендеуі қысқа мерзімде тұтынушылар үшін тиімді көрінуі мүмкін. Бірақ телекоммуникация саласында табыс пен инвестиция тікелей байланысты. Егер операторлардың кірісі қысқарса, желіні жаңартуға, 5G дамытуға және қамту аумағын кеңейтуге бөлінетін қаражат көлемі де азаюы ықтимал.

Сондықтан басты мәселе — бағалардың арзандауы емес, ұзақ мерзімде сапалы әрі тұрақты байланысты сақтап қалу.

Әлемдік тәжірибе не көрсетеді?

Соңғы жылдары көптеген елдерде мобильді нарықтар керісінше шоғырлану жолына түсті. Мысалы АҚШ-та Sprint пен T-Mobile бірігіп, ұлттық деңгейдегі үш ірі оператор қалды, Ұлыбританияда Vodafone мен Three бірігуіне рұқсат берілді, Испания мен Румынияда да нарықтағы инфрақұрылымдық ойыншылар саны қысқарды.

GSMA Intelligence деректеріне сәйкес, Еуропада үш инфрақұрылымдық операторы бар нарықтар төрт операторы бар нарықтарға қарағанда бір қосылымға орта есеппен 48%-ға көп инвестиция салған.

Ал БАӘ мен Қатар сияқты елдерде бар болғаны екі ірі оператор жұмыс істесе де, мобильді интернет жылдамдығы бойынша әлемдік көшбасшылар қатарында. Бұл мысалдар оператор саны мен байланыс сапасы арасында тікелей байланыс жоқ екенін көрсетеді.

Network sharing және MVNO — балама жол ма?

Көптеген елде операторлар инфрақұрылымды бірлесіп пайдалану тәжірибесіне көшіп жатыр. Мысалы Швецияда Tele2 мен Telenor ортақ желі арқылы ел халқының 99,9%-ын қамтиды. Финляндия мен Ұлыбританияда да операторлар ауылдық өңірлерде инфрақұрылымды бірге дамытады.
Қазақстанда да мұндай тәсілдер қолданылып келеді. «250+» жобасы шалғай ауылдарды интернетпен қамтуға бағытталған.

Сонымен қатар әлемде MVNO деп аталатын виртуалды операторлар кең таралған. Олар өздерінің жеке желісін салмай-ақ, қолданыстағы операторлардың инфрақұрылымын пайдаланып қызмет көрсетеді. Бұл нарықтағы бәсекені күшейтуге мүмкіндік береді әрі миллиардтаған инвестицияны қажет етпейді.
Қазақстанға төртінші байланыс операторы қажет пе деген сұрақтың жауабы операторлардың санында емес, олардың елге қандай қосымша құндылық әкелетініне байланысты. Егер жаңа оператор жаңа инвестиция тартса, байланысы әлсіз өңірлерді қамтыса, 5G дамуын жеделдетсе онда оның нарыққа келуі пайдалы болуы мүмкін.

Ал егер негізгі нәтиже тек абоненттерді қайта бөлу мен қолданыстағы инфрақұрылымды қайталау болса, онда мұндай жобаның тиімділігі күмән тудыруы ықтимал.

Сондықтан мәселе «Қазақстанға төртінші оператор керек пе?» деген сұрақта емес. Негізгі сұрақ — «төртінші оператор тұтынушыға қандай нақты нәтиже береді?» деген мәселе. Телекоммуникация саласында басты көрсеткіш операторлар саны емес, байланыс сапасы, қамту деңгейі, интернет жылдамдығы, сервистің қолжетімділігі және инвестицияның тиімділігі болып қала береді.

Комментарии
Другие материалы