«Әбіл» фильмі Қазақстан атынан «Оскар-2027» сыйлығына ұсынылды

259
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/IIRE4o5CJ0XJEfcoeZ9KnUf4UEiGz0Q8qezqXxn1.jpg

Қазақстанның Оскар комитеті режиссер Елзат Ескендірдің «Әбіл» фильмін 2027 жылы өтетін 99-шы Academy Awards («Оскар») сыйлығына Қазақстан атынан ұсыну туралы шешім қабылдады. Картина Best International Feature Film («Үздік халықаралық толықметражды фильм») санатында ел намысын қорғайды.

Қазақстанның Оскар комитеті еліміздің төрт кәсіби қоғамдық ұйымының – Қазақстан киногерлер одағының, Ұлттық кино өнері және ғылымдары академиясының, Қазақстан кинематографистер лигасының және Қазақстан киносыншылар қауымдастығының өкілдерінен құралған. Комитет шешімі байқауға өтінім берген фильмдерді қарау қорытындысы бойынша қабылданды.

«Әбіл» фильмінің оқиғасы 1993 жылы, Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Қазақстанда жүріп жатқан әлеуметтік және экономикалық өзгерістер кезеңінде өрбиді. Басты кейіпкер Әбіл – бүкіл ғұмырын колхозда еңбек еткен шопан. Шаруашылықтың таратылып, жекешелендіру үдерісінің басталуы оның қалыптасқан өмір салтын түбегейлі өзгертеді.

Жылдар бойғы еңбегінің өтеуі ретінде өзіне тиесілі үлесін алуға үміттенген Әбіл жаңа қоғамдық шындықпен бетпе-бет келеді. Ол өзгерген заман жағдайында өз құқығы мен адамдық қадір-қасиетін қорғауға мәжбүр болады.

Фильм қарапайым адамның тағдыры арқылы Қазақстан тарихындағы күрделі кезеңдердің бірін – кеңестік жүйенің ыдырап, жаңа экономикалық және қоғамдық қатынастар қалыптасқан уақытты көрсетеді. Әбілдің оқиғасы әділет, адамдық қадір-қасиет, отбасы және өмірлік таңдау тақырыптарын қозғайды.

Фильмдегі басты рөлді актер Ерлан Төлеутай сомдаған. Сценарий авторы әрі қоюшы режиссер – Елзат Ескендір. Қоюшы операторы – польшалық кинооператор Йоланта Дылевска.

Қазақстан Оскар комитетінің төрағасы, режиссер Данияр Саламаттың айтуынша, «Әбіл» көркемдік шешімі мен шынайылығымен ерекшеленеді. Оның пікірінше, фильм Қазақстан көрермендерінің ықыласына ие болумен қатар, халықаралық кинофестивальдерде де өз деңгейін түрлі жүлделермен дәлелдеген.

«Әбілдің» халықаралық фестивальдердегі жолы да нәтижелі болды. Фильмнің әлемдік премьерасы Busan International Film Festival фестивалінде өтті. Кейін картина Азия мен Еуропаның бірқатар халықаралық кинофестивальдеріне қатысып, бірнеше марапатқа ие болды.

Франциядағы Vesoul International Film Festival of Asian Cinemas фестивалінде фильм Grand Jury Award, Critics’ Jury Prize және NETPAC Jury Prize атты үш жүлдені иеленді. Ерлан Төлеутай Bishkek International Film Festival және Silk Road International Film Festival фестивальдерінде үздік ер адам рөлі аталымы бойынша марапатталды. Сонымен қатар «Әбіл» Дананг пен Даккада өткен халықаралық кинофестивальдерде де жүлдеге ие болды.

Қазақстан Оскар комитетінің мүшесі, кинотанушы Дана Әмірбек фильмнің актерлік және визуалдық шешімдеріне жоғары баға берді. Оның айтуынша, Ерлан Төлеутай кейіпкердің ішкі күйін әсірелеусіз әрі табиғи жеткізсе, Йоланта Дылевсканың операторлық жұмысы фильмнің байыпты режиссурасымен үйлесім тапқан.

«Әбіл» Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясының базасында түсірілген. Фильм 2026 жылдың маусым айында Қазақстан кинотеатрларында кең прокатқа шықты.

Енді «Әбіл» 99-шы Academy Awards сыйлығының Best International Feature Film санатында Қазақстан атынан ұсынылған фильм ретінде байқаудың келесі кезеңдеріне қатысады.

Фильмнің «Оскар» бәйгесінің келесі кезеңдеріне өтуі және номинацияға енуі туралы түпкілікті шешімді Америка кино өнері және ғылымдары академиясы қолданыстағы ережелерге сәйкес қабылдайды.

Комментарии
Другие материалы