Қорғаныс министрлігінің 50 нысаны тексеріліп жатыр. Тоқаев бірқатар тапсырма берді

101
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/MbESxFY5mFM01TUwlDObmF3teQ75Ya2oWyU2fp72.webp

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайыловты қабылдады. Бұл туралоы Ақорда жазды, деп хабарлайды “Адырна”.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қорғаныс министрлігінде бюджет қаражатының жұмсалу тиімділігіне қатысты жоспардан тыс жүргізіліп жатқан аудит туралы есеп берілді.

“Ауқымды тексеріс 50 нысанды, соның ішінде 48 әскери бөлімді қамтиды. Осы мақсатта мемлекеттік аудит жүйесінің жетекші мамандарынан, сондай-ақ IT және байланыс саласы сарапшыларынан арнайы топ жасақталды. Аудит аясында Қарулы күштер қызметінің барлық негізгі бағытындағы ахуалға баға беріледі", — делінген хабарламада.

Атап айтқанда, әскери бөлімшелердің материалдық-техникалық қамтамасыз етілуі, жеке құрамның даярлығы, әскери оқу-жаттығу жиындарының өткізілуі, әскери инфрақұрылымның дамуы, қару-жарақ пен техниканың жаңғыруы, цифрлық жүйелердің ақаусыз жұмыс істеуі түгел тексерілмек.

Президентке мемлекеттің қорғаныс саласындағы тапсырысына жүргізілген аудиттің нәтижелері таныстырылды. 

 "Жоғары аудиторлық палата тексеріс қорытындысы бойынша анықталған заң бұзушылықтарды жою үшін Үкіметке және салалық мемлекеттік органдарға 57 нақты ұсыным мен тапсырма жолдады. Сонымен қатар Мемлекет басшысына экономикалық даму мен әлеуметтік саланың басым бағыттарын қамтитын жоспарлы аудиторлық тексерістің барысы баяндалды”, – деп хабарлады Ақордадан.

Бұдан бөлек, Әлихан Смайылов Астанада өткен Азия жоғары аудит органдары ұйымы Басқарма кеңесінің 63-отырысының қорытындысы туралы айтты. Жиынға 19 елдің өкілі қатысқан. Мұндай форматтағы іс-шара Қазақстанда алғаш рет өткізіліп отыр.

Кездесу соңында Президент Қорғаныс министрлігінде аудит жүргізуге және тұтас мемлекеттік аудит жүйесін одан әрі жетілдіруге қатысты бірқатар нақты тапсырма берді.

Еске салсақ, Жоғары аудиторлық палата Қорғаныс министрлігінің бюджеті мен әскери бөлімдердің материалдық-техникалық қамтамасыз етілуіне аудит жүргізуді бастаған болатын. 

Қорғаныс саласына тексеріс жүргізуге 24 қыркүйек күні Каспийде болған қайғылы оқиға себеп болды. Әскери оқу-жаттығу кезінде 17 әскери қызметшіні ашық теңізге алып кеткені болатын. Олардың үшеуі құтқарылып, 14 әскери қызметші қаза тапқан еді.

Комментарии
Другие материалы