Түркіменстан президенті Сердар Бердімұхамедов Ақаба процесі саммитіне қатысу үшін Қазақстан астанасына келді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Иордания королі II Абдалла 2015 жылы құрған халықаралық қауіпсіздік бастамасы Ақаба процесінің негізгі мақсаты – мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты нығайту, барлау ақпараттарымен алмасу және терроризм мен экстремизмге қарсы күрестегі бірлескен іс-қимылды үйлестіру.
Бастама аясындағы жоғары деңгейдегі кездесулерде жаңа технологиялардан туындайтын қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимыл мәселелері де қарастырылады. Жиындарға әлем елдерінің басшылары, қауіпсіздік саласындағы ведомстволар мен БҰҰ және Интерпол сияқты халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысады.
Айта кетейік, 5–6 қарашада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Иордания королі II Абдалла бен әл-Хусейн де Астанаға ресми сапармен келді.
Жоғары деңгейдегі келіссөздер барысында Қазақстан мен Иордания арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланады.
Ақаба процесінің саммиті 6 қарашада Астанада өтеді. Оған бірқатар мемлекеттің басшылары қатысады.
