Бірлігіміз – елдігіміздің тірегі – Артем Мащинский

213
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/AQxOMMbnqrBrdWLjI836NNVCS9HacFy9nO3isQdE.jpg

Халықты халық ететін не? Оны бір шаңырақтың астына ұйыстырып, ортақ мақсатқа жетелейтін қандай күш? Меніңше, оның жауабы біреу – бірлік, өзара құрмет пен сенім. Өйткені елдің ең үлкен байлығы – жер қойнауындағы қазынасы ғана емес, сол елде бейбіт өмір сүріп жатқан адамдары.

Қазақстан – тағдыры тоғысқан, түрлі этнос өкілдері бір Отанның перзенті ретінде өмір сүріп жатқан ортақ мекеніміз. Әрқайсымыздың тіліміз, мәдениетіміз бен дәстүріміз әртүрлі болғанымен, бәрімізді біріктіретін құндылық бар. Ол – Қазақстанға деген сүйіспеншілік, ел болашағына деген жауапкершілік.

Қазақ халқының «Ырыс алды – ынтымақ» деген даналық сөзі қоғамдық келісімнің мәнін терең ашып тұр. Кеңпейілділік пен қонақжайлықты бойына сіңірген қазақ жұрты талай этностың өкілін бауырына басып, бір шаңырақ астында өмір сүруге жол ашты. Бұл – халқымыздың адамгершілігі мен парасатының айқын көрінісі.

Мен «Чуваш этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы ретінде этносаралық татулықты нығайтуға үлес қосуды маңызды азаматтық міндетім деп санаймын. Осы бағытта Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының жанындағы «Қоғамдық келісім» КММ-мен бірлесіп жұмыс жүргізіп келеміз. Түрлі мәдени кездесулер, қоғамдық бастамалар мен бірлескен іс-шаралар халықтар арасындағы достықты бекемдеп, өзара түсіністікті арттыруға ықпал етеді.

Мемлекеттік мерекелерді атап өтуге де белсенді атсалысамыз. Республика күні, Қазақстан халқының бірлігі күні, Тәуелсіздік күні сияқты маңызды мерекелер – барша қазақстандықтарды ортақ құндылықтар төңірегіне топтастыратын ерекше күндер. Мұндай шараларда әр этностың мәдениетін таныстырып қана қоймай, ортақ тарихымыз бен мемлекеттілігімізге деген құрметті дәріптейміз.

Этномәдени бірлестіктердің міндеті тек ұлттық дәстүрді сақтау емес. Сонымен қатар жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу, қоғамдағы өзара сыйластықты қалыптастыру және азаматтық бірлікті нығайту да – біздің жұмысымыздың маңызды бөлігі.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында елдің тұрақты дамуы, қоғамдық келісім мен азаматтардың ортақ жауапкершілігі мәселелеріне айрықша мән беріп келеді. Бұл міндеттерді жүзеге асыруға мемлекеттік органдармен қатар, азаматтық қоғам институттары мен этномәдени бірлестіктер де өз үлесін қосуы тиіс. Себебі елдің болашағы – бәрімізге ортақ жауапкершілік.

Бұл ретте мемлекеттік тілдің орны ерекше. Қазақ тілі – еліміздің мемлекеттік тілі әрі қоғамды біріктіретін маңызды құндылық. Оны үйрену мен құрметтеу әр азаматтың парызы. Сонымен бірге әр этностың ана тілін, мәдениеті мен салт-дәстүрін сақтау – еліміздің рухани байлығын арттырады.

Қоғамдық келісім үлкен мінберлерден айтылған ұранмен емес, күнделікті өмірдегі қарапайым ізет пен сыйластықтан басталады. Көршіңе құрмет көрсету, өзгенің мәдениетін қадірлеу, қиын сәтте қолдау білдіру – татулықтың шынайы көрінісі. Әсіресе жас ұрпақ осы құндылықтарды бойына сіңіріп өсуі керек.

Меніңше, бірліктің басты өлшемі – адамдардың бір-біріне деген сенімі. Біз әртүрлі болуымыз мүмкін, бірақ Отанымыз бір, мақсатымыз ортақ. Сондықтан достық пен келісімді сақтау – тек қоғамдық ұйымдардың емес, әрбір азаматтың міндеті.

Бір шаңырақ астында тату өмір сүріп, ортақ болашаққа бірге қадам басу – елдігіміздің ең үлкен жетістігі. Осы бірлікті сақтау және келер ұрпаққа аманат ету – баршамыздың қасиетті парызымыз.

Артем Мащинский, «Чуваш этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы

Комментарии
Другие материалы