Моңғолия президенті Ухнаагийн Хүрэлсүх өз беделін қалпына келтіру мақсатында президенттік өкілеттігінен бас тартуға ниетті екенін мәлімдеді. Бұған оның атына тағылған ауыр қылмысқа қатысты айыптаулар себеп болған, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі Montsame агенттігіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысының сөзінше, соңғы бір айда оның беделіне нұқсан келтіруге бірнеше рет әрекет жасалған.
«Моңғолия президентін ауыр қылмыстар жасады деп айыптап жатыр. Бұл қаншалықты орынды? Мен біраз уақыт осы жағдайды бақыладым. Бұл – үлкен жауапкершілікті талап ететін лауазым. Моңғолияда елді жекелеген адамдар емес, заң басқарады», – деді ол.
Хүрэлсүхтің айтуынша, бұған дейін Моңғолия Демократиялық партиясының парламенттік фракциясы оны отставкаға кетуге шақырып, істің ақ-қарасын анықтауды талап еткен.
«Мен бұл талапты қолдаймын. Моңғолия президенті ретіндегі өкілеттігімді тапсырамын. Маған қатысты тергеу жүргізіліп, абыройым қалпына келтіріледі», – деді ол.
Жергілікті БАҚ-тың мәліметінше, президентке сыбайлас жемқорлыққа қатысты күдік келтірілген болуы мүмкін.
Mongolia Daily басылымының жазуынша, айыптаулар Таван-Толгой – Гашуунсухайт теміржолын салуға арналған құпия тендермен байланысты. Аталған тендердің жеңімпазы Bodi Group компаниясы болған. Болжам бойынша, кейбір саясаткерлер жалпы сомасы 110 миллион доллар болатын пара алған болуы мүмкін.
Ухнаагийн Хүрэлсүх 2021 жылдың 25 маусымынан бері Моңғолия президенті қызметін атқарып келеді. Ол 2017–2021 жылдары ел үкіметін басқарған. Сондай-ақ вице-премьер қызметін атқарып, Моңғолия Халық партиясының төрағасы болған.
