Францияның бұрынғы елшісі Нархоз университетінде дәріс берді

333
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/RpzIt1iKeoleQ0ymSQqCO1uB6B0cGaZO3Ses3iVM.jpg

Нархоз университетінің Құқық және мемлекеттік басқару мектебіне (ШПиГУ) француз дипломаты Пьер Андриё мырзаны «Халықаралық қатынастар» білім беру бағдарламасының студенттеріне «Қытай мен Еуропалық Одақ арасындағы халықаралық қатынастар» тақырыбында дәріс оқуға шақырдым.

Пьер Андриё – Францияның Тәжікстан мен Молдовадағы бұрынғы елшісі, ЕҚЫҰ Минск тобының тең төрағасы. Дипломатиялық қызметте 35 жылдан астам еңбек етті. Sciences Po, ISIT және IRIS-те (Париж) сабақ берген, МГИМО мен Жоғары экономика мектебінде дәріс оқыған.

Андриё мырзамен таныстығымыз екі жыл бұрын, мен Францияда жұмыс істеп жүргенде, LinkedIn желісінде басталған еді. Оның Қазақстанға келген сапарында жүзбе-жүз кездесіп, болашақ жоспарларды талқыласақ деген ниетіміз орындалды.

Франсуа Олланд президент болған кезеңде қызмет атқарған тәжірибелі дипломаттың өз аузынан естіген мәліметтер студенттердің қызығушылығын одан сайын арттырды. Андриё мырзаның бірнеше тіл білуі аудиториямен еркін тіл табысып, әр мәселені жан-жақты талқылауға үлкен септігін тигізді. Теория мен тәжірибені ұштастырған шынайы кейстер студенттерді шабыттандырды.

Назерке Корынбаева:  Француз дипломаты, Францияның Тәжікстан мен Молдовадағы бұрынғы елшісі және ЕҚЫҰ Минск тобының бұрынғы тең төрағасы Пьер Андриёның дәрісі маған қатты ұнады. Әсіресе оның теориямен шектелмей, дипломатиялық мансабынан нақты мысалдар келтіргені құнды болды. Бұл дипломатияның іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін жақсырақ түсінуге көмектесті. Оның Қытай мен ЕО қарым-қатынасы туралы талдауы да өте қызықты болды. Халықаралық қатынастар мамандығында оқитын біз үшін бұл кездесу ерекше пайдалы болды және маған мамандығым бойынша дамуға деген ынтамды арттырды.

Сабина Калыкова:  Пьер Андриёның дәрісін тыңдау өте қызықты болды. Әсіресе дәріс тақырыбының өте пайдалы болғанын атап өткім келеді. Сондай-ақ француз тілін алғаш рет тілді өкілінің аузынан естігеніміз де өте маңызды болды. Маған ең көп есте қалғаны — Пьер Андриёның өте мейірімді жан екені, дәрісті белсенді жүргізіп, сұрақтарға егжей-тегжейлі жауап бергені.

Нұрбол Сайым

Пьер Андриё — француз халқының мақтанышы болар тұлғалардың бірі. Оның орыс халқымен туыстық байланысы мен орыс тілін жетік білуі оны бізге жақындата түсті.

Кәсіби жолына келсек, ол — нағыз тәжірибелі, тіс қаққан дипломат. Қарабах мәселесін шешуге атсалысуы, Ресейдегі дипломатиялық қызметі, Тәжікстан мен Молдовадағы елшілік қызметі оның халықаралық саясатта мол тәжірибе жинағанын көрсетеді. Нағыз өз ісінің шеберінен дәріс тыңдап, шынайы кейстерді үйрену біз үшін таптырмас тәжірибе болды.

Қазақстанның ең белгілі университеттерінің бірі — Нархоз университетіне  профессор Алмаш Сейдикенова мені студенттер алдында сөз сөйлеуге шақырып, үлкен құрмет көрсетті.

Мен сөзімді Кэ д'Орседегі (Франция Сыртқы істер министрлігіндегі) ұзақ жылғы қызметім туралы әңгімеден бастадым. Негізінен Мәскеуде, Орталық Азияда және Кавказда қызмет еттім. Осы өңірде мен Таулы Қарабақ қақтығысын реттеуге жауапты Минск тобының француз тарапынан тең төрағасы да болдым.

Тәжікстандағы елші болып жүрген кезімде Алматыға алғаш рет келіп, Қазақстан мен оның халқының шынайы құндылығы мен ұлылығын бағалай білдім.

Дәріс барысында  біз хаттаманың дипломат жұмысындағы маңызы туралы жан-жақты талқыладық. Дипломаттың міндеті — өте нақты ережелерді қатаң сақтау және оларды белгілі бір икемділікпен қолдану.Мысал ретінде ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Францияға сапарын және Франция Президенті Олландтың Минск тобының тең төрағасы ретінде 2014 жылы Парижде ұйымдастырған саммитін келтірдім. Сол кезде Франция мемлекет басшысы Таулы Қарабақ қақтығысын дипломатиялық жолмен шешуді ұсыну үшін Әзірбайжан Президенті Әлиев пен Армения Президенті Саргсянды Елисей сарайында қабылдады. Саяси мазмұнынан бөлек, хаттама да шешуші рөл атқарды. Атап айтқанда, келген әр мемлекет басшысына өзі лайық деп санаған мәртебеде құрмет көрсетілуін қамтамасыз ету қажет болды.Түптеп келгенде, бұл Париж саммиті ешқандай нәтиже бермеді. Айтпақшы, басқа екі тең төраға — ресейлік және американдық тараптар ұйымдастырған саммиттер де дәл солай нәтижесіз аяқталды.

Мен егжей-тегжейлі талдаған тағы бір мысал — Си Цзиньпиннің Францияға, Париж бен Лионға жасаған мемлекеттік сапары. Кэ д'Орсе Хаттама департаменті дайындаған бейнематериалға сүйене отырып, сапардың дайындығы мен өтуін қамтитын барлық кезеңдерді нақты түсіндіріп бердім. Студенттер мұқият әрі үлкен қызығушылықпен тыңдап, көптеген сұрақтар қойды.

Содан кейін әңгіме студенттердің болашақ жоспарларына ауысты. Олардың барлығы Қазақстан Сыртқы істер министрлігінде немесе сыртқы экономикалық қызмет саласында жұмыс істегісі келетінін айтты.

Жалпы алғанда, бұл кездесу өте жақсы өтті, студенттер  өте белсенді қатысты.

Ой бөлісіп, пікір алмасуға шақырғандарыңыз үшін алғысымды білдіремін.

Қорыта айтқанда, мұндай кездесулердің болашақ дипломаттар үшін маңызы зор. Оқулықта «хаттама», «келіссөздер», «жұмсақ күш» сияқты ұғымдар анықтама түрінде беріледі. Ал оларды күнделікті жұмысында қолданған дипломат нақты оқиғалар мен тұлғалар арқылы түсіндіргенде, бұл ұғымдар жанды мазмұнға ие болады. Сонымен қатар тәжірибелі дипломат тек жетістіктер туралы емес, нәтижесіз аяқталған келіссөздер туралы да ашық айта алады. Бұл студенттерге дипломатияның мүмкіндіктері мен шектеулерін шынайы бағалауға үйретеді.

Елшілердің дәрістері студенттерге болашақ мамандығын жақынырақ тануға, шет тілінде сұрақ қоюға батылдық жинауға және халықаралық байланыстар орнатуға да жол ашады. Әрине, әр дипломат өз елінің ұстанымы мен жеке тәжірибесі тұрғысынан сөйлейді. Сондықтан студенттердің айтылғанды сыни тұрғыдан қабылдап, әртүрлі көзқарастарды салыстыра білуі маңызды. Шетелдік дипломаттардың университет аудиториясына келуі — елден шықпай-ақ халықаралық тәжірибе алудың, яғни «үйдегі» интернационализацияның нақты көрінісі,- деп айтуға болады.

Сейдикенова Алмаш Смайылқызы

ф.ғ.к. Нархоз университетінің профессоры

Құқық және мемлекеттік басқару мектебі

 

Комментарии
Другие материалы