Қазақстанда алғашқы атом электр станциясы Алматы облысы Жамбыл ауданына қарасты Үлкен кентінде салынатыны Үкімет қаулысымен бекітілген. Аталған елді мекен Балқаш көлінің жағалауында орналасқан. Энергетика саласының мамандары бұл орынды таңдауды оңтүстік өңірлерге электр қуатын жеткізудің ыңғайлылығымен және АЭС турбиналарын салқындатуға қажетті су ресурстарының жақын болуымен түсіндіреді.
Алайда Балқаш көлінің басты су көзі – Іле өзені. Бұл өзеннің бастауы Қытай аумағында жатқандықтан, халықаралық нормаларға сәйкес, трансшекаралық өзендерде ірі инфрақұрылым салу үшін су бөлісетін елдердің келісімі қажет.
Осыған байланысты, «Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС бас директорының орынбасары Ринат Оқасов Қытай тарапымен келісім туралы сұраққа түсініктеме берді.
«Қазақстан атом энергетикасы саласында барлық халықаралық конвенцияларға мүше. Қазіргі уақытта АЭС құрылысына үміткер компаниялар қатарында Қытай корпорациясы да бар. Сондықтан Іле өзені бойынша Қытаймен нақты келіссөз жүргізген жоқпыз, бірақ бұл мәселеде айтарлықтай қиындық туындайды деп ойламаймын», – деді ол.