Өмірден қымбат бұл есім!

5682
Adyrna.kz Telegram
фото авторы: Қуанышбек Қари
фото авторы: Қуанышбек Қари

ҚҰТТЫ БОЛСЫН МЕРЕКЕҢ!

 Көктем сезім сыйлаған,

Шарапты сол құй, маған.

Құтты болсын мерекең

Айналайын сыйлы адам!

 

Басты менің тілегім -

Күлмес кезде күле біл.

Басқа бәрін жеңесің,

Сен биіксің, білемін.

 

Қол жетпейтін бағымсың,

Құрбан cаған жаным шын.

Артық кетсем, кешіргін,

Тілек бүгін ағылсын.

 

Шіркін-ай, сол сағым күн,

Көрмесем сені сағындым.

Жүрегің неткен кең еді,

Символындай сабырдың.

 

Көңіл деген – шыны, айна

Теңелсін бір күн мың айға.

Қарыздармын қашан да

Сыйлаған сені құдайға.

 

МАТА БОЛЫП МАСКАҢА ЖАРАЛМАДЫМ

 

Күннің көркін әдемі таң ашады,

Бүгін көрдім тағы сол тамашаны.

Қызыл кисең, қызғалдақ, қыр гүлісің,

Ақ пен қара – бәрі де жарасады.

 

Көбі білмес жүректе жарам барын,

Дауа шарап бойға да таралғанын.

Неге ғана мен сенің иегіңде

Мата болып маскаңа жаралмадым?!

 

ЖҮРЕГІМ ЕМЕС ФОТОАППАРАТ

 

Болса-дағы Алматы мұңшыл қала,

Бұл күндерді бермеспін мың жылға да.

Бетің басып күлімдеп сен тұрасың,

Сыр шертейік, қайтесің қымсынба да.

 

Сені көрсем ұмытам бәрін жалған,

Өзің – дертім, дауам да, әнім салған.

Дұға сынды есімің, атай қалсам,

Күрсінгенде қиналып жаным қалған.

 

Толқып кетем тұрғанда саған қарап,

Тәп-тәтті бір сәбисің ботақан ақ.

Күлген әрбір сәтіңді түсіретін,

Емес, әттең, жүрегім фотоаппарат!

 

ӨМІРІМНІҢ ПАРОЛІ

 

Құйып қойған тал мүсін,

Неткен сұлу болмысың?!

Қылығыңа тәнті еткен

Тәп-тәтті сен балмысың?!

 

Шәрбатпысың шөл басар,

Бұлақпысың көлге ұласар?

Ауамысың бір жұтым,

Мәңгі өмірге жалғасар?

 

Жүрегім менің жаралы,

Қуаныш, мұңы бар әлі.

Жалғыз сенің есімің -

Өмірімнің паролі…

 

 

ВАТСАПТАҒЫ ҮТІР

 

Үзбеген соң күдерді,

Күн артынан күн ерді.

Саусақтарың кеше бір

Үтір басып жіберді.

 

Көңілдегі сол үтір,

Кетпей ойдан әлі жүр.

Тыныс ашар бір белгі

Жүрегіммен жымы бір.

 

Көп нүкте емес, бұл – үтір,

Леп әкелер жылы бір.

Сарайыңды ашатын

Бастауындай шын өмір.

 

Жоғалтып кейде жақсы атты,

Боламын саған мас қатты.

Демеу қылып қараймын

Телефонды, ватсапты.

 

Телефоным - тұмарым,

Үндеместен ұғар үн.

Ватсаппенен жеткізер

Жүрегімнің жұпарын.

 

БИІК ШЫҢНЫҢ АТАУЫ

 

Жазылмаған дастаным,

Сен сыйладың басқа күн.

Дидарыңды күткенде

Уақыт жалқау қас-қағым.

 

Сені ойлау - сырластық,

Сені күту - бір мастық.

Бізді осылай жаратқан

Алыс жақын, мұңдас ғып.

 

Көрмей қалсам осы ұдай,

Түн - жолдасым, досым - ай.

Суретіңмен сөйлесіп

Отырамын осылай.

 

Сен өзгеше, басқасың,

Биік таусың, басқа шың.

Шіркін, сені көргенде

Тоқтатса уақыт таспасын!

 

Мүлде бөлек мақамың,

Ойға терең батамын.

Саған арнап қоямын

Биік шыңның атауын.

 

ГҮЛ ШАШАҒЫ – КЕКІЛІҢ

 

Қараймын да жүзіңнен күнді көрем,

Қалай ғана жаратқан гүлді дегем…

Қарағанда қуанышқа бөлейтұғын

Өзің – гүлсің нәп-нәзік үлбіреген.

 

Жапырағың әр талы бір-бір әтір,

Мас қылатын хош иіс мың күн аңқыр.

Соны жүрек мәңгілік жыр қылатын,

Бар әлемді есінен тандырар бір.

 

Табиғат та, адам да елжіреген,

Биыл міне, көктемсіз жер жібіген.

Күндіз-түні кетпейді көз алдымнан

Гүл шашағы - кекілің желбіреген.

[caption id="attachment_106165" align="alignnone" width="1024"] фото авторы: Қуанышбек Қари[/caption]

 

ЖАНАРЫҢ СЕНІҢ БІР МҰХИТ

 

Жанартау - сенің көздерің,

Көзіңе қарау өзі де мұң.

Өртеп жанды барады,

Айта алмаймын сөзбен мың.

 

Тұңғиықсың, тереңсің,

Жүрекке жалғыз Сен емсің.

Қонағың болам күнде мен

Есік ашық дегенсің.

 

Көрмесем сені сансырап,

Жан қалады жалғызсырап.

Жанарыңның мөлдірі

Жүректегі шамшырақ.

 

Білмегем мұның сырын да,

Көрмегем мұндай бұрын да.

Жанарың сенің – бір  мұхит

Ашылмаған ғылымда.

 

СӘУЛЕМ

 

Кеуде толы бір сезім айта алмайтын,

Толқын сынды жұтылып қайта алмайтын.

Жүрекке бір, көрінген тасқа да бір

Атың жазып тауда бір айқайлайтын.

 

Күйде жүрмін көп болды осындай бір,

Көргенім мен сезгенім қосылмай жүр.

Орта жасқа келгенде жас баладай

Өрекпіген көңіл-күй, тосын жай бұл!

 

Қол жетпейтін армансың, қылықты қыз,

Естен кетпес өткен сол қызықты күз.

Жүрміз әлі ортада сақтап қалай

Шектен аспас қызыл түс сызықты біз?!

 

Амалың жоқ, тағдырға бағынасың,

Жансарайың нұрланып сағынасың.

Енді ғана түсінген тәріздімін

“Сәулем” деген бір сөздің мағынасын.

 

ЖАН БЕРЕМІН ОЙЛАНБАЙ

 

Тағы да міне, таң атты,

Тауысып төзім, тағатты.

Кекіліңді көретін

Күтіп минут, сағатты.

 

Бақытты секунд, қайдасың,

Қандай бір мекен-жайдасың?

Жарқ етші бір алдымнан,

Жұлдызды сәт жайнасын!

 

Кетсем жанып от болып,

Тәңір жолдас аққа анық.

Өзіңді көрген минутым -

Ғасырым менің жап-жарық!

 

Желбіресе кекілің,

Басып көңіл тетігін.

Жан беремін ойланбай

Жолыңда құрбан енді кім?!

 

ӘР СЕКУНДІМ - ӨЗІҢСІҢ

 

Кетпейсің еш ойымнан,

Қанменен тарап бойымнан.

Жаратқанда осылай

Тәңірдің ісі қойылған.

 

Зырылдап уақыт, келмес күн,

Сүйе алмас мендей сені ешкім.

Айығарда мастығым

Жас күнім боп кездестің.

 

Бұрын қайда болғансың,

Бағы боп кімнің қонғансың?

Жанымның әрбір тынысы

Сәлем боп саған жолдансын.

 

Суретіңе қараймын,

Шалып бір басын әр ойдың.

Есіміңмен атаймын

Әрбір күнін әр айдың.

 

Имандай саған сөзім шын,

Әр секундым – өзіңсің!

Тыныс алсам бір сенсіз

Үздігіп демім үзілсін!

 

ҚОЛЫҢ СҮЙДІМ

 

Жалғызсырап жаным сені аңсайды,

Бауыр басып бірге өткіздік қанша айды.

Жылытатын жүрегім бар тоңса айды,

Бірақ енді кезіп жүрмін тау, сайды.

 

Көргім келмей күндіз күн мен түнде айды,

Торлап алды тәуліктерді мұң-қайғы.

Көз жасымен жуып таңғы әйнекті

Көңіл қайта күрсініспен булайды.

 

Жан қоярға жер таппадым сенделіп,

Сандырақтап бірдеңе айттым шерленіп.

Түн күзеттім, шошындым да қалғысам,

Құтқармасаң болмайтындай сен келіп.

 

Ұмыта алман назарыңды сол күнгі,

Ұмыта алман сол күндегі салқынды.

Сұрап алып қолың сүйдім сол сәтте,

Жаным құс боп ұшатындай талпынды.

 

АТАП ӨТЕМ КҮЛКІҢДІ

 

Ұмытпаспын бұл күнді,

Жүрек тағы бұлқынды.

Ашық жарқын жымиған

Атап өтем күлкіңді.

 

Себезгілеп шуақ тым,

Бұл күлкіңді ұнаттым.

Тұңғыш сені көргендей,

Күлкің көріп құлаппын.

 

Жаңарғандай бұл жүрек,

Кетті қатты елжіреп.

Мызғымаймын мен енді

Десе-дағы сел жүред.

 

Тәңір, саған мың алғыс,

Күнінде мына мұнар қыс.

Қойныма сыймай қуаныш

Болғандай сірә, сыналды іс.

 

Құдайдың бұл шебері,

Күлкің – күннің желегі.

Бүгінгі бұл күлкіңді

Атап өткім келеді.

 

СЕНІҢ КӨШЕҢ

 

Өзің көрген саябақ,

Таң нұрымен боямақ.

Өзің жүрген көшені

Үнсіз келем аялап.

 

Көңілді шаттық жайласын,

Өтсе де жылдар, қай ғасыр.

Ел ұйқыда, мен ояу,

Қайдасың, өзің, қайдасың?

 

Көшеңнен сенің күнде өтем,

Өтемін кейде түнде мен.

Өзіңнің басқан ізіңнің

Суретін салам күнде мен.

 

Бөлексің тым басқадан,

Қызара ма босқа адам?!

Өзің жүрген көшенің

Иті де үрген дос маған!

 

СЕНІҢ КҮЛКІҢ

 

Тандырар естен бір тынбай,

Күлкіңді-ай, сенің күлкіңді-ай!

Шыдайды қалай тоқтамай

Бүлкілдек жүрек бұлқынбай.

 

Күлкің-ай сенің шіркін-ай,

Дәмін бір татса бір күн-ай.

Шырын ба екен тәп-тәтті

Бүлдірген әлде құлпынай?!.

 

Тап-таза таудың бұлағы,

Жаныңның жарқын бұл әні.

Ай да, күн де бір саған

Ғашық болып тұрады.

 

Риясыз күлкің бал-шекер,

Жаратқан құдай жан шебер.

Күлкіңді құшып сүйер ем

Аймалауға болса егер.

 

ӨМІР ТӘТТІ

 

Торғын-елік тағдырым,

Осылай есте қал бүгін.

Сенер-сенбес күйдемін,

Өткеріп сезім жаңбырын.

 

Қоңыраудай күміс үн,

Жүрегімнің Күнісің.

Сен болмасаң қайтер ем,

Өмір сүрем кім үшін?

 

Ғажап сенің күлгенің,

Бағаланар гүлге мың.

Қарағаның – қазына

Ғажап күнім бұл менің!

 

Жоғалтар тіпті гүл есін

Көргенде сені, білесің?!

Атыңды айтам мың мәрте

Өмірден қымбат бұл есім!

 

Сенімен өткен сәттерім

Естелік - көңіл дәптерім.

Қылығындай еркенің

Өмір неткен тәтті едің?!

 

АНАСЫНЫҢ ҚУЫРШАҒЫ

 

Күлкің-ай, сенің күлкің-ай,

Оңнан туар сол күні ай.

Күлкіңді естіп жұлдыз да

Жымыңдамас толқымай.

 

Нәп-нәзік неткен жан едің,

Даусың шуақ, әдемі үн!?

Жанарың – нұрдың ұясы,

Ертегі – жан  әлемің.

 

Төңірегің гүл шоғы,

Өмірдің қызық бұл шағы.

Cүйкімдісің сен неткен,

Анасының қуыршағы!?

Көшпенді ҚОНЫС, 

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер