Домбыра сабағы

5057
Adyrna.kz Telegram

Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде оқушыларға қазақтың ұлттық аспабы домбыра мен күйлердің шығу тарихын таныстыру, оқушы бойына музыкалық тәрбие қалыптастыру, ұлттық өнерді сүйе білуге тәрбиелеу мақсатында «Домбыра-Дастан» сабағы ұйымдастырылды.

Аталмыш іс-шара «100 күй» жобасы аясында еліміздегі 20 Назарбаев Зияткерлік мектептерінде өтті.

Сабақ домбыра үйірмесінің мұғалімі Мұқағали Сансызбаевтың «Бөгелек» күйін орындауымен басталды. Ол оқушыларға күйдің шығу тарихы туралы айтып берді. Өз кезегінде НЗМ домбыра оркестрінің жетекшісі Самат Жексембаев ақсақ құлан туралы аңызымен бөлісті. Одан әрі 11-сынып оқушысы Айбол Жеңіснұрдың орындауында «Ақсақ құлан» күйі ұсынылды. 7-сынып оқушысы Кәрима Мақанның санаулы минуттарда толғауын, ақсақ құлан туралы аңызының тереңдігін жеткізе білген суреті сабақтың қызықты сәтіне айналды.

Домбыра туралы сұрақ-жауап викторина форматында оқушылар қазақ музыкасы туралы, ұлттық аспап – домбыраның жасалуы мен құрылымы туралы білімдерін ортаға салды.

 Домбыра сағатында бұл музыкалық аспап ежелден қазақ халқының бай рухани тарихы мен салт-дәстүрінің символы болғанын және болып қала беретінін тағы да еске салды. Шараның арқасында менде домбыра тартуды үйренуге деген ынта пайда болды, - деп өз әсерімен 7-сынып оқушысы Анель Ардақова бөлісті.

Жыл сайын барлық Назарбаев Зияткерлік мектептерінде мектептің дәстүріне айналған «Ұлы дала мұрагерлері» домбыра флешмобтары өтеді, онда жүздеген дарынды зияткер домбырашылар қазақтың әйгілі күйлерін орындайды.

ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұралар тізіміне енген қазақтың төл аспабы домбыра мен күйлерге арналған домбыра сабағы NIS-те оқу жылын аяқтады.

 

 

 

 

Пікірлер