Елордаға дейін де Астана есімін иеленген адамдар болған

2036
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/xOIVtc3jFHcApXy7FZwukYQasF0FX5pB9vXDQidm.jpg

Елі ішінде астанаға байланысты есімдер кездескенімен, олардың бәрі бірдей елорда құрметіне қойылмаған есімдер екені байқалады. Ақмола Астана аталмай тұрғанда дүниеге келген адамдардың арасында да осындай айрықша аттар бар. Астана күні қарсағында осындай есімдерді түгендеп көрдік.

Бір кезде экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күніне тураланып белгіленген 6 шілде – қазір Астана күні. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, елімізде Астана есімді 24 адам тұрады. Оның ішінде жетеуі – әйел адам. Бас қаланың құрметіне сәбилерін Астанай, Бәйтерек, Нұрастан, Астанәли деп атағандар да бар. Ал кейбір адамдардың есімі астананың «Астана» аталу науқанымен байланысты емес болып шықты.

«Адырна» тілшісі ерекше есімді жандармен тілдесіп, олардың атының артында қандай оқиға жатқанын, қоғамда қалай қабылданатынын сұрап көрді.

АСТАНА ҚҰРМЕТІНЕ ҚОЙЫЛМАҒАН АСТАНА

Астана Алпысбайұлы – Түркістан облысының тумасы. Ол өз есімі астананың құрметіне қойылмағанын айтады.

«Мен 1993 жылы дүниеге келдім. Ол кезде елордамыз әлі Астана деп аталмаған еді. Бұл есімді маған әкем берген. Айтуынша, атамның екі інісі соғыста ерлікпен қаза тапқан. Біреуінің есімі Астана екен. Отбасымызда сол кіші атамыздың есімі ұмыт қалмасын, ұрпағы оның атын жалғастырсын деген ниетпен әкем маған осы есімді қойыпты. 1998 жылы Ақмола ресми түрде Астана аталып, жаңа елорданың дәуірі басталды. Ал мен үшін «Атамның есімін арқалап жүрмін» деген ой ішкі жауапкершілікке айналды. Бұл атқа кір келтірмеу — менің өмірлік ұстанымым»,- дейді ол.

Қазіргі таңда Астана Шымкент қаласындағы «Қызғалдақ»  сарайында жұмыс істейді. Ерекше есім иесі – «Х Фактор» жобасының жеңімпазы, бірнеше халқаралық жобалардың лауреаты.

«Есімімді естіген адамдар әнші болғанннан соң өзіне лақап ат ойлап тапқан деп ойлайды. Сенбей жататындары да бар. Шыны керек, атым өзіме ерекше ұнайды. Көп адамның есінде қалуыма да әсер ететін сияқты. Мен есімімді мақтан тұтамын», - дейді талант иесі.

ЕЛОРДАНЫҢ АТТАСЫ

Ал атыраулық Астанай Темірова 1998 жылы 10 маусымда өмірге келген. Осы себепті де оның есімі бас қаламыздың құрметіне қойылған.

«1998 жылы 10 маусымда бүкіл ел елорданың тұсаукесер тойын атап өтіп жатқанда, мен дүниеге келген екенмін. Сол күні перзентханада жатқан анама ауданымызға танымал тұлға Мақсым Елеуовтен ашық хат келіпті. Ол хатында ата-анама сәбилерінің есімін елордамызбен бірге өсіп-өркендесін деген ниетпен Астанай деп қоюды ұсынатынын жазған. Ата-анам бұл ұсынысты алғашында қызық көріп, әжеммен ақылдасқан. Әжем өз рұқсатын бергеннен соң маған азан шақырып ат қойған екен», - дейді ару.

Ол Астана күнінің өмірінде елеулі рөл алатынын атап өтті.

«Бас қаламен бірге тәй-тәйлап, бірге өсіп келеміз. Осы 27 жылда елорда да, мен де өз жолымызды табуға ұмтылдық. Сондықтан бұл күн – мен үшін өзімді тарихтың бір бөлшегі екенімді сезіндіретін күн әрі бірегейлігімнің белгісі. Астанай – бұл менің атым ғана емес, ол менің өмірімнің бір бөлшегі, тарихым, даралығым. Кішкентай кезімде есіміме кішкене ыңғайсызданатынмын, қазір, керісінше, бойымды мақтаныш кернейді. Басқа есімді елестету де қиын. Атым арқылы елордамен, еліммен байланысымды сезінемін», - деп пікір білдірді Астанай.

АТЫРАУЛЫҚ АСТАНӘЛІ

Атырауда туған Астанәлі Айдосұлы 10 маусым – алғаш елорда астана ретінде әлемге таныстырылған күні дүние есігін ашқан.

«Мен өмірге келген күні әкем сүйінші сұрап, өзінің нағашы атасына барған екен. Сол сәтте атам теледидардан Астана күніне арналған жаңалықты көріп отырып, шөбересінің есімі Астана болсын деген шешім қабылдапты. Көп ұзамай өзінің құдасына, яғни менің әкемнің атасына хабарласып, шөбересіне есім ойластырып қойғанын айтқан. Ал ол кісі қарсылық танытпай, есімнің соңына «әлі» деген сөзді қосуды ұсынған. Осылайша, жақындарымның ақылдасуымен менің атым Астанәлі болды. Бұл есім – мен үшін тарихы бар, отбасымның жылулығы мен елдің естелігі тоғысқан бірегей белгі», - дейді ол.

Қазіргі таңда Астанәлі Алматы қаласында тұрады. Фотография саласында қызмет істеп жүрген ол есіміне көпшіліктің таңданыспен қарайтынын жасырмады.

«Есімімді алғаш естіген адамдар көбіне таңғалып жатады. «Мұндай есімді алғаш естіп тұрмыз», «Қызық екен», «Қалай қойылды?» деп сұрайды. Атым бірден есте қалатын, ерекше болғандықтан, адамдардың қызығушылығын тудырады. Толық нұсқада айтатындар сирек, бірақ өзіме бұл есім қатты ұнайды.  Бұл есім мені басқалардан ерекшелендіріп тұрады. Өзімді таныстырғанда ерекше есім арқылы есте қаламын деп ойлаймын. Атым маған жауапкершілікпен өмір сүруге, үнемі алға ұмтылуға шабыт береді», - дейді ол.

1935 ЖЫЛЫ ТУҒАН АСТАНАБЕКТІҢ ҰРПАҒЫ НЕ ДЕЙДІ?

Елорданың атымен аттас алғашқы есімдердің бірі – Астанабек. Бұл туралы Түркістан облысының тұрғыны Айнұр Құттыханова айтты.

«Әкем Астанабек Құттыханұлы 1935 жылы Түркістан облысы Шардара ауданында дүниеге келген. Бір үйдің жалғыз ұлы болған әкемнің есімін 103 жасқа келген кейуана ғұмыр жасы ұзақ болсын деген ниетпен қойған екен. Бұрын-соңды республикада бұндай атты ешкімге бермеген. Қазір, әрине, елордамыздың құрметіне қойылған есімдердің қарасы көбейді ғой. Әулетімізбен әкеміздің атын мақтанышпен айтамыз. Ол кісі 1998 жылы өмірден озды. Тірі болса, әкем биыл 90 жасқа келер еді. Бәлкім, Астана күнін де тойлап, мәз-мейрам болар ма едік», - дейді Айнұр Құттыханова.

Диана Асан

«Адырна» ұлттық порталы

 

Пікірлер