Астанадағы №99 мектептің директоры әлеуметтік желіде оқушылардың гардеробтағы кептелісі түсірілген бейне тарағаннан кейін қызметінен босатылды. Бұл туралы қалалық білім басқармасы айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Балалардың жаппай жиналуына екінші ауысым сабақтарының кестесі себеп болған. Бір мезетте жеті сыныптың сабағы аяқталып, оқушылар сырт киімдерін алуға гардеробқа барған.
Ата-аналардың айтуынша, мұндай жағдайлар мектепте жиі қайталанады. Өтініштердің бірінде оқушылардың бірі есінен танып қалғаны айтылған. Алайда тексеру барысында бұл ақпарат расталмады.
«Бейнебақылау камераларындағы жазбаларды зерделеу нәтижесінде оқушының есінен танып құлағаны туралы ақпарат расталмады. Мектеп директоры атқарып отырған қызметінен босатылды», – деп хабарлады мемлекеттік орган.
Оқиғадан кейін мектепте гардероб маңындағы қызметкерлердің кезекшілігі күшейтіліп, оқушылардың қауіпсіз қозғалуын қамтамасыз ету үшін қосымша шаралар қабылданған.
