Техастағы су тасқыны. Қаза тапқандар саны артуда

995
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/Qn5IjgK7ZeXAeotaU6aL4sQfzOUz3yvPrvso917u.jpg

АҚШ-тың Техас штатында орын алған жойқын су тасқыны салдарынан қаза тапқандар саны 50 адамға жуықтады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Керр округінде 43 адамның мәйіті табылған, олардың 28-і ересек, 15-і – балалар. Бұл туралы 5 шілде күні кешкісін өткен баспасөз мәслихатында өңірлік шериф Ларри Лейта мәлімдеді.

Сонымен қатар, Бернет округінде – 3, ал Трэвис округінде – 4 адам қайтыс болғаны расталды.

27 қыз бала із-түзсіз жоғалған, ал кейбір қаза тапқан азаматтардың тұлғасы әлі анықталған жоқ. Құтқару жұмыстарына 500-ге жуық маман мен 14 тікұшақ, сондай-ақ Техас Ұлттық гвардиясы мен АҚШ жағалау күзеті жұмылдырылған.

Табиғи апат кезінде Гуадалупе өзенінің жағасында орналасқан жазғы лагерьде демалып жатқан 750-ге жуық қыздың көбі құтқарылған, ал лагерь қызметкерлерін қосқанда 850 адам қауіпсіз жерге эвакуацияланған.

Су деңгейі небәрі 45 минут ішінде 8 метрге көтерілген. Куәгерлердің айтуынша, тасқын су ағаштардың ұшар басына дейін жеткен, ал лагерь асханасының бір қабырғасын түгелдей қиратып кеткен.

Оқиғадан кейін Дональд Трамптың әкімшілігі сынға ұшырады. Ғалымдар мен төтенше жағдайлар мамандары президентті NOAA (АҚШ-тың ауа райы мен табиғи апаттарға жауапты басқармасы) қызметкерлері мен қаржысын қысқартқаны үшін айыптады. Сондай-ақ, Трамп климаттың өзгеруіне қатысты ғылыми деректерді жоққа шығарған болатын.

Тәуелсіздік күніне тура келген бұл апаттың себебі ретінде толассыз жаңбыр аталды. Керр округінде жауын-шашын мөлшері бір шаршы метрге 300 литрге жеткен, бұл – жылдық норманың үштен бір бөлігіне тең.

Ұлттық метеорологиялық қызмет (NWS) алдағы күндері өңірде тағы да қатты жауын мен жергілікті деңгейдегі апаттық су тасқындары болуы мүмкін екенін ескертуде. Жаңа тасқындар басталып кеткен. Тұрғындарға биік жерге көшу және жедел әрекет ету ұсынылған.

Пікірлер