«Абай орталығын ашу – кешіктірілмеуі тиіс міндет»

2687
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/7SKumW54bZOme30GoW2a1yqqmz3GQSppYL4pKFed.jpg

Ақын атындағы қор басшысы абайтанудағы мәселелерді айқындауда Абай орталығын құру керек деп есептейді. Ол бір кезде белсенді жұмыс атқарған қордың жұмысы неге бәсеңдегенін де түсіндірді. 

1993 жылы құрылған Абай атындағы мәдениет пен өнерді қолдау халықаралық қоры көптеген іргелі істердің бастамашысы болды. Алайда соңғы жылдары қор қызметінің бәсеңдеуіне не себеп? Абай мұрасын насихаттау ісі қалай жалғасып жатыр? Осы және өзге де сұрақтарға жауап алу үшін біз Халықаралық «Абай» қорының төрағасы Жұмабек Ашуұлымен сұхбаттастық.

Жұмабек Ашуұлы, ең алдымен Халықаралық “Абай” қорының құрылу тарихына қысқаша тоқталып өтсеңіз. Қор туралы бірі білсе, бірі біле бермейді.

– 1995 жылы ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтетін болғандықтан, Қазақстан Республикасы Президентінің бастамасымен 1993 жылы Халықаралық Абай қоры құрылған еді. Қордың басты мақсаты – Абай шығармаларын тек Қазақстанда ғана емес, шет елдерде де насихаттау, шығармаларын түрлі тілдерге аударып, әлемге таныту болды.

Қор осы жылдар ішінде қандай нақты жұмыстар атқарды?

– Қор өз мақсатына сай бірқатар маңызды жұмыстар атқарды. Сол жылдардан бастап Қазақстанда Абай оқуларын өткізу дәстүрге айналды. Сонымен қатар, Абайдың шығармалары шет тілдерге аударыла бастады. Атап айтқанда, белгілі қазақ аудармашы-ғалымы, марқұм Ғалымжан Мұқанов пен француз ақыны Кристиан Висанти екеуі бірігіп Абайдың таңдамалы өлеңдерін қазақша-француз тілінде аударып шығарды. Оған дейін Ғалымжан Мұқанов Абайдың қара сөздерін француз тіліне жеке өзі аударған еді.

Абай шығармаларын насихаттауда бұл жұмыстар ерекше маңызға ие болды. Әсіресе жас ұрпақ тәрбиесіне баса назар аударылып, мектептер мен жоғары оқу орындарында абайтанушылардың қатысуымен кездесулер, дәрістер мен арнайы сабақтар ұйымдастырылды.

Халықаралық деңгейдегі байланыстар туралы не айтар едіңіз? Қор шетелдермен қалай жұмыс істеді?

– Халықаралық «Абай» қоры шетелдік елшілермен де тығыз қарым-қатынас орнатты. Мысалы, Ливан елінің Қазақстандағы елшісі Асеф Насер мырзаның қолдауымен адамзаттың екінші ұстазы атанған Әл-Фарабидің толық шығармалар жинағы Қазақстанға жеткізілді. Қор президенті, жазушы Төлен Әбілбеков бұл оқиғаны Ливан мен Қазақстан халқы арасындағы "алтын көпір" деп бағалады.

1990 жылдардан басталған бұл қоғамдық жұмыс жыл сайын жалғасын тапты. Абайдың туған күні – 10 тамызда ақын-жазушылар, абайтанушы ғалымдар қатысатын мерекелік шаралар дәстүрге айналды. Бұл жиындарда Абай шығармалары кеңінен насихатталып, халықтың рухани өміріне серпін беріп отырды.

Қазір қордың жұмысы қалай жүріп жатыр? Қандай қиындықтар бар?

Өкінішке қарай, 2019 жылдан бері қор жұмысы бәсеңдеп қалды. Себебі – тұрақты ғимараттың болмауы, қаржылық қиындықтар. Қазіргі таңда тек Абай оқуларын өткізу бағытындағы жұмыстар ғана жалғасып отыр.

Абайдың 150 жылдығынан басталған үлкен серпіліс оның шығармаларына деген әлемдік қызығушылықтың артуына себеп болды. Қазақстандық делегациялар шет елдерде өткізген кездесулерде Абай шығармаларын насихаттау арқылы еліміздің мәдениетін танытып жүр. Жапония, Франция, Қытай, Моңғолия елдерінен келген зерттеушілер Абай еңбектеріне ерекше қызығушылық танытып, Халықаралық Абай қорымен байланыс орнатты.

Бүгінде Абай шығармалары әлемнің негізгі тілдеріне аударылып, әлемдік әдеби кеңістікте өз орнын ала бастады деуге толық негіз бар.

Абайдың шығармаларын жастарға жеткізудің жолы қандай болу керек деп есептейсіз?

Абай шығармаларын, әсіресе оның философиялық еңбектерін жастарға терең түсініп, санасына сіңіре отырып жеткізу – бүгінгі күннің басты рухани міндеттерінің бірі. Абайды қанша оқысаң да, қайта-қайта оқығың келе береді. Әр оқыған сайын оның жаңа бір қырын ашып, тереңіне бойлай түсесің. Сондықтан да Абай – ешқашан ескірмейтін, әр ұрпаққа жаңаша ой тастайтын дара тұлға.

Абай мұрасын халыққа кеңінен танытуда абайтанушы ғалымдардың еңбегі орасан зор. Олардың ішінде академик Қайым Мұхамедханов, Мекемтас Мырзахметұлы, Зәки Ахметов сияқты ғалымдар Абайдың шығармашылық мәнін ашып, халыққа жеткізу жолында үлкен жұмыс атқарды. Бұл абайтану ғылымының негізін қалап, Абайды дұрыс түсінуге жол ашқан маңызды ғылыми еңбектер болды.

Абай мұрасын таныту – бұл тек ғылыми зерттеу аясында ғана шектеліп қалмай, қоғаммен, жастармен, оқу орындарымен тікелей байланыс арқылы жүргізілетін жан-жақты насихат жұмысы. Бұл бағыттағы жұмыс қазіргі таңда белгілі бір деңгейде жүзеге асып келеді. Мысалы, мен өзім Астана қаласындағы 5-6 мектепте Абай шығармашылығына арналған кездесулер өткізіп, оқушылармен еркін пікір алмасуға мүмкіндік жасадым. Мұндай іс-шаралар жастарды Абай әлеміне тартуда үлкен рөл атқарады деп есептеймін.

– Алдағы жоспарларыңыз қандай?

– Абайдың шығармашылық мұрасы мен Халықаралық «Абай» қорының қызметі өзара тығыз байланысты. Қордың негізгі міндеті – Абай шығармаларын насихаттау, оның рухани мұрасын халыққа, әсіресе жастарға кеңінен таныстыру. Осы бағытта қордың алға қойған мақсаттары көп болды. Соның бірі – Абайдың мәдени-ағарту орталығын ашу еді. Алайда, біз бұл бастаманы жүзеге асыру үшін қанша жерге хат жазсақ та, өкінішке қарай, қолдау таппадық. Қаржылық қиындықтар мен ғимарат мәселесі бұл жобаның жүзеге асуына мүмкіндік бермей отыр.

Абай орталығын ашу – кешіктірілмеуі тиіс міндет. Егер Абайдың мәдени-ағарту орталығы ашылатын болса, бұл абайтануды жүйелі түрде жүргізетін, шығармаларды шетелге насихаттайтын және бір орталықтан басқарылатын үлкен мекеме болар еді. Өкінішке қарай, бұл арман әзірге орындалмай тұр. Дегенмен, Абай шығармаларын таныту ісі тоқтаған емес, оған көптеген ақын-жазушылар мен ғалымдар атсалысып келеді.

Абайды тану, оның шығармаларын насихаттау – ешқашан тоқтамайтын, ұлт руханиятының негізгі арқауы болып қала беретін ұлы міндет. Абайдың шығармаларында айтылатын ойлар, идеялар – адам баласының рухани, моральдық қалыптасуына бағыт беретін өмірлік ұстанымдар. Кеңес Одағы кезінде «коммунизм құрылысшыларының моральдық кодексі» деген ұғым болса, меніңше, Абайдың мұрасы – ұлтқа, ұлысқа қарамай, жалпы адам баласын адамгершілік жолына бастаушы нағыз моральдық кодекс деп танимын.

– Уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!

– Рақмет. Абайды таныған ұлт өзінің болашағын таниды.

 

Дана Нұрмұханбет

«Адырна»

Пікірлер