Семейлік әнші 102 әнді үздіксіз орындап, әлемдік рекорд орнатты

274
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/q2ob0Xz700qID3kL30XjCV2TACnfBkN8WfxCQCt5.jpg

Бүгін, 10 маусымда Семейдегі Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармонияда дәстүрлі әнші Қайрат Қабышев 100 әнді үздіксіз орындады. Бұл туралы Абай облысының Өңірлік коммуникация қызметі жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Өнер марафоны сағат 10:00-де басталған. Жоба қорытындысы бойынша Қайрат Қабышев 5 сағат 29 минут бойы үздіксіз өнер көрсетіп, 102 дәстүрлі ән орындап, белгіленген межеден асқан.

«Бұл бастама GBR (Global Best of Records) халықаралық ұйымының қарауына ұсынылып, әлемдік рекорд ретінде тіркеуге үміткер жоба саналады. Оның басты мақсаты – қазақтың дәстүрлі ән өнерін халықаралық деңгейде таныту және ұлттық музыкалық мұраны кеңінен дәріптеу»,—делінген хабарламада.

Еске салсақ, Қайрат Қабышевтің бұл бастамасы - қазақ өнері тарихындағы ерекше жобалардың бірі. Мамандардың айтуынша, Құрманбек Жандарбековтен кейін араға 101 жыл салып, бір орындаушының 100 әнді үздіксіз орындауға талпыныс жасауы алғаш рет қолға алынды.

Рекордтық көрсеткіш халықаралық талаптарға сәйкес тәуелсіз сарапшылардың қатысуымен арнайы бақылаудан өтті. Сарапшылар құрамында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің кавалері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының «Мұрагер» сыйлығының иегері, филология ғылымдарының кандидаты, өнертану доценті, фольклортанушы ғалым, эпик жыршы Берік Мырзалиұлы Жүсіпов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасының профессоры Нұржан Қабимолдаұлы Жанпейісов және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры Еркін Тұрсынғалиұлы Шүкіман болды.

Сондай-ақ іс-шараға «Global Best of Records» ұйымының Азия және Африка рекордтар тіркеу дивизионының бас офицері Қуандық Шыңғысұлы Құдайберген арнайы қатысып, рекордтық көрсеткішті ресми түрде тіркеді.

Пікірлер