Трамптың Қазақстанға баж салығын салуы. Сарапшы бұл шешімді саяси қысым деп бағалады

2231
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/8ozy4jHBLAjkaNmOVPJq3HSJyMTXtTpcUhUD2Mq7.webp

2025 жылдың 1 тамызынан бастап АҚШ билігі Қазақстаннан келетін барлық импорттық тауарларға 25 пайыздық кедендік баж салығын енгізді. Бұл шешім экономикалық сипаттағы шара ретінде көрсетілгенімен, сарапшылар оның астарында саяси месседж барын алға тартып отыр. Экономист Әнуар Нұртазин мұндай қадамды Вашингтонның жаһандық ықпалын көрсету тәсілі ретінде бағалады. Бұл туралы ол Informburo-ге берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды “Адырна”.

Экономист Әнуар Нұртазиннің айтуынша, баж салығы барлық тауарларға қатысты болғанымен, оның нақты әсері шектеулі болады. Себебі Қазақстаннан АҚШ-қа экспортталатын өнімдердің басым бөлігі – табиғи ресурстар.

“Бұл жерде айта кету керек тауарлардың тізімі бар және ол айтарлықтай кең. Алайда көп тауарға бұл баж салығы әсер етпейді, себебі олардың басым бөлігі – ресурстық өнімдер. Ал Қазақстан, шын мәнінде, ресурстан басқа аса көп тауар экспорттамайды. Нақтырақ айтсақ, 2023 жылы Қазақстаннан АҚШ-қа экспорт көлемі 2 миллиард 270 миллион долларды құрады. Бұл соманың басым бөлігі шикізаттық өнімдерге тиесілі.

Атап айтқанда, шикі мұнай – 1 миллиард 10 миллион доллар, өңделген мұнай өнімдері – 178 миллион доллар, ферроқорытпалар – 271 миллион доллар, мырыш – 126 миллион, қорғасын – 90,7 миллион, титан – 18,1 миллион, тантал – 15,1 миллион, темір құбырлар – 13,8 миллион доллар болды. Қымбат металдар тобы бойынша, күміс – 102 миллион, ал платина, палладий, алтын, иридий, осмий секілді асыл металдарды қамтитын басқа да бағалы металл өнімдері – 164 миллион доллар көлемінде экспортталған. Радиоактивті химиялық өнімдер, соның ішінде уран – 45,5 миллион долларды құрады.

Бұл мәліметтер Қазақстан экспортының құрылымында жоғары технологиялық өнімдер емес, табиғи ресурстар басым екенін көрсетеді. Яғни, Қазақстан АҚШ нарығында негізінен шикізат жеткізуші ел ретінде қалып отыр. Жалпы Қазақстаннан АҚШ-қа бағытталған экспорттың көлемі үлкен емес. Бұл, ең алдымен, географиялық алшақтықпен байланысты – АҚШ біздің елден тым алыста орналасқан. Сол себепті бұл баж салығының тікелей экономикалық әсері айтарлықтай болмайды. Керісінше, бұл жерде экономикалық ықпалдан гөрі – саяси күш немесе позицияны көрсету әрекеті айқын байқалады”, деді экономист.

Сарапшы бұл жағдайды АҚШ тарапынан тікелей экономикалық қысымнан гөрі, саяси ұстаным мен үстемдігін көрсету амалы деп есептейді.

“Сонымен, бұл мақсатты экономикалық қысым ба? Жоқ, бұл – тікелей экономикалық қысым емес, бұл – билік тетіктері арқылы жасалып отырған күш көрсетудің айқын көрінісі. Өздеріңіз білесіздер, Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше, онда либерализм, еркін сауда, ашықтық сияқты қағидаттар үнемі жарияланып келеді. Алайда, қазіргі жағдай АҚШ-тың шынайы ұстанымын көрсетті: ең бастысы – Америка мүддесі және олар қандай шешім қабылдаса – солай болады.

Бұл жағдай – күшті елдің өз тәртібін өзгелерге таңуының мысалы. Бұл жерде тек Қазақстанға емес, жалпы әлемге бағытталған күш көрсету, саяси ескерту жатыр. Қазақстан – бұл ретте жеке дара нысана емес. Мұнда АҚШ "әлсіз, экономикасы шағын, дамушы елдер үлкен державаның айтқанына бағынуы керек" деген ұстаным танытып отыр. Бұл – күштінің диктаты және мәселе – осымен тәмам”, деді Әнуар Нұртазин.

Пікірлер