Әлиев пен Пашинян Абу-Дабиде кездесті. Оңтүстік Кавказда Ресейсіз келіссөз өткізе бастады

1823
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/WNryw2CeIBUO4ClKfJQGdi1BrdTsqgzEKSnBC0op.jpg

Әзербайжан мен Арменияның Сыртқы істер министрліктері Абу-Дабиде екі елдің басшылары Ильхам Әлиев пен Никол Пашинянның кездесуінің қорытындысы бойынша мәлімдеме таратты. Бұл туралы Euronews жазды, деп хабарлайды “Адырна”.

Мәлімдемеде Әлиев пен Пашинян «мемлекетаралық қатынастарды қалыпқа келтірудің түрлі аспектілерін талқылады» деп айтылған. Құжатта «лидерлер шекараны делимитациялау процесіндегі прогрессті атап өтіп, тиісті мемлекеттік комиссияларға бұл бағыттағы практикалық жұмыстарды жалғастыруды тапсырды және екі ел арасында сенімді нығайту үшін екіжақты келіссөздер мен шараларды жалғастыруға келісті» делінген.

Бұл — Армения мен Әзербайжан басшыларының төрт онжылдыққа созылған қақтығыстан кейін бейбіт келісім мәтінінің жобасын келісіп, бірінші рет ресми екіжақты кездесуі.

Теледидар хабарламасында айтылғандай, осы кездесудің нәтижелері Оңтүстік Кавказдың болашағын анықтайды. Бұл тек екі елдің басшылары келісетін мәселелерге ғана емес, сонымен қатар Ресейдің армян-әзербайжан қақтығысын реттеуге алғаш рет қатыспайтынына да байланысты.

«Ресейдің Украинаға жасаған сәтсіз шабуылынан кейін, Ресей Оңтүстік Кавказдағы ықпалын жоғалта бастады», - деді Еревандағы тәуелсіз аналитикалық орталықтың аймақтық зерттеулер орталығының директоры Ричард Гирагосян.

Euronews хабарлағандай, бұл өзгеріс Мәскеудің бастамасымен болмайды. Баку мен Ереван Кремльден алыстап, Ресеймен қарым-қатынастары соңғы бірнеше жылда айтарлықтай нашарлағанын айтты.

«Украинада батып кеткен Мәскеу біртіндеп постсоветтік кеңістіктегі ықпалын жоғалтуда. Бұл тұрғыда ең айқын өзгеріс – Ресейдің бірнеше онжылдықтар бойы Оңтүстік Кавказдағы ықпалынан айырылуы», - делінген телеарна сюжетінде.

«Армения мен Әзербайжан ирониялық тұрғыда бірдей мақсатты бөлісуде - Мәскеуге қарсы саясатты жүргізіп, Ресейді Оңтүстік Кавказдан ығыстыруда», - деді Гирагосян.

Пікірлер