Пашинян Әзербайжанмен өзара аумақ алмасуды ұсынды

234
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/OqSzc9z2NVCeYgU1jNr0KwkpT0E5Fpl7Ysm3jpGp.jpg

Армения премьер-министрі Никол Пашинян анклавтар мен эксклавтар мәселесін шешу үшін Әзербайжанға көлемі бірдей аумақтармен алмасуды ұсынды. Бұл туралы РБК жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Никол Пашинян Әзербайжанмен шекараны делимитациялау және демаркациялау үдерісін сәтті жүзеге асырудың негізгі шарттарын атады. Оның сөзінше, шекараны белгілеу жұмыстары тек Алматы декларациясына негізделуі керек. Сонымен қатар Арменияның егемен аумағының көлемі өзгеріссіз қалып, 29 743 шаршы шақырымды құрауға тиіс.

«Шекараның екі жағында да анклавтар мен эксклавтар болмауы тиіс. Яғни Армения мен Әзербайжан аумағының нақты көлемі бірдей бөліктерімен алмасуы керек»,– деді ол.

Премьер-министрдің айтуынша, Армения мен Әзербайжан бір-біріне ешқандай аумақтық талап қоймауы қажет. Оның ішінде Қарабақ, Гардман, Ширван, Нахчыван немесе «Батыс Әзербайжан» мәселелеріне қатысты да талаптар болмауға тиіс.

Сондай-ақ ол «Бейбітшілік қиылысы» жобасы аясында да, одан тыс та барлық көлік қатынасы қалпына келтірілуі керектігін атап өтті. Армения мен Әзербайжан аумағы арқылы өтетін барлық жол көлік қозғалысы үшін ашық болуы қажет.

Еске салайық, 2025 жылғы тамызда АҚШ президенті Дональд Трамптың қатысуымен Вашингтонда Армения мен Әзербайжан басшылары екі ел арасындағы бейбіт қарым-қатынас туралы декларацияға қол қойған. Бұл оқиға Армения мен Әзербайжан арасындағы қантөгіске ұласқан қақтығыстың басталғанына шамамен 40 жыл өткен соң болды.

Осыдан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Вашингтонда қол қойылған Әзербайжан мен Армения арасындағы бейбіт келісімді жоғары бағалап, АҚШ-тың делдалдық рөлін және Қазақстанның қосқан үлесін атап өтті.

2024 жылғы сәуірде Армения мен Әзербайжан арасында ұзақ уақыт күткен мемлекеттік шекараны делимитациялау үдерісі басталды. Ол кезде шекара маңындағы Әзербайжанның төрт ауылы орналасқан аумақ туралы сөз болды. Армения бұл аумақтарды Әзербайжанға қайтаруға келіскен еді.

Пікірлер