10–13 шілде аралығында Беларусь Республикасында «Витебскідегі Славян базары» XXXIV халықаралық өнер фестивалі өтті. Еліміздің атынан байқауға Жетісу облыстық Дәнеш Рақышев атындағы филармониясының әншісі Алмагүл Батталиева қатысты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Финалда әнші «Вечность» композициясын орындап, көрерменді талантымен тәнті етті. Өнерпаз екі байқау күнінің қорытындысы бойынша 137 ұпай жинап, фестивальдің Гран-при жүлдесін жеңіп алды.
Алмагүл Батталиева – Алматы қаласының тумасы. Ол 14 жасында П. И. Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжіне оқуға түскен. Сонымен қатар әнші бірнеше аспапты – аккордеон, фортепиано және укулелены еркін меңгерген. Бұған дейін ол «Жас Қанат – 2023» фестивалі, «Алматым жүрегімде» халықаралық байқауы сынды беделді музыкалық жарыстарда жоғары деңгейде өнер көрсетіп, кәсіби шеберлігін бірнеше мәрте дәлелдеген.