Қазақтар мен мұсылмандарды қорлады. Қарағандылық арудың жазбасы дау тудырды

2172
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/Tzqta5gNntPrvei0wUxiUJjGF5QgdIrFE9dqdttz.png

Қазнетте Қарағанды тұрғыны Алика Мұхамадиеваның желіде жариялаған жазбасына қатысты үлкен дау туды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Ол Threads желісіндегі «Қазақстан немен танымал?» деген жазбаның астына «Мамбетами» деп жауап қалдырған.

Одан бөлек, қазақ тілінде сөйлеуді талап ететіндерді мазақ етіп, мемлекеттік тілді «полукалбитский диалог» деп келемеждеген.

Ал тағы бір жазбаға «Сендер, мұсылмандар, көпшілігіңіз — нағыз доңызсыңдар. Дәретханада сендерден кейін бәрі су болып жатады. Шаршаттыңдар! Үйлеріңізде отырыңыздаршы, мүлдем сыртқа шықпай-ақ қойыңыздар!» деген.

Қарағандылық арудың бұл пікірлері көпшіліктің ашу-ызасын туғызды. Желі қолданушылары оны ұлтаралық араздықты қоздырғаны үшін жауапқа тартуға шақырып, үстінен полицияға арыз жазғандарын жеткізді.

Алика Мұхамадиева Threads-тегі парақшасын өшіріп, Instagram желісінде қазақстандықтардан кешірім сұрады.

«Айтқан сөзіме қатты өкінемін. Бір түн бойы көз ілмей, сіздерді қаншалықты ренжіткенімді ойладым. Қазақстан – менің туған елім. Достарым, серіктестерім мен әріптестерімнің арасында қазақтар да бар. Мен ешкімді ренжіткім келген жоқ, айтқан сөздерім контекстен жұлынып алынған,  мұны Stories-те дәлелдеймін. Қазір туыстарым үшін қорқамын. Түрлі қоқан-лоққы жасалып жатыр. Барлық кінә өзімнен екенін түсіндім. Мені кешіріңіздер», — деді ол.

Кейіннен журналист Сырым Итқұлов қарағандылық кәсіпкердің уақытша ұстау изоляторына қамалғанын айтты. Әзірге полиция департаменті бұл оқиғаға қатысты түсініктеме бермеді.

Айта кетейік, Қылмыстық кодекстің 174-бабы («Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық және діни араздықты қоздыру») бойынша айыппұл салу, бостандығын шектеу немесе жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысында 35 жастағы жүкті мұғалім Жансұлу Дархамбаева орыс ұлтына тіл тигізгені үшін екі жыл бас бостандығынан айырылған еді.

 

 

 

 

Пікірлер