Қазақстандағы орташа зейнетақы мөлшері аталды

1382
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/f0ewkFklm313FJZEiOhvT8wTBDqkZFB0rqgzQkz7.jpg

2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында республикалық бюджеттен зейнетақы төлемдеріне 2 трлн 98,6 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Министрлік мәліметінше, жалпы соманың 678,7 млрд теңгесі базалық зейнетақы төлемдеріне, ал 1 трлн 419,9 млрд теңгесі ынтымақты зейнетақыға жұмсалған.

1 шілдедегі жағдай бойынша Қазақстандағы зейнеткерлер саны 2 млн 489 мың адамды құрайды. Орташа жиынтық зейнетақы мөлшері 143 529 теңге болған. Оның ішінде ынтымақты зейнетақы мөлшері – 95 912 теңге, базалық зейнетақы мөлшері – 47 617 теңге.

«2025 жылғы 1 қаңтарда базалық зейнетақы төлемінің мөлшері ҚР Ұлттық Банкі айқындайтын инфляцияның болжамды деңгейіне сәйкес 6,5%-ға, ынтымақты зейнетақы 8,5%-ға, яғни инфляция деңгейінен 2% - ға оза отырып ұлғайтылды. Бұдан басқа Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023 жылдан бастап бес жыл ішінде ең төмен базалық зейнетақыны ең төмен күнкөріс деңгейінің 70%-на дейін, ең жоғары – 120%-ға дейін жыл сайын кезең-кезеңімен арттыру жүзеге асырылады»,—делінген хабарламада.

Айта кетейік, 2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі зейнетақы жүйесіндегі өтілін ескере отырып, әр алушыға жеке тағайындалады.

 

 

Пікірлер