Ресей президенті Владимир Путин мен АҚШ президенті Дональд Трамп арасында Аляскада өткен келіссөздері аяқталды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
2 сағат 45 минутқа созылған кездесуде тараптар Украинадағы соғысты бейбіт жолмен реттеу мәселесін көтерді.
Келіссөзден кейін мемлекет басшылары АҚШ-тың Элмендорф–Ричардсон әуе күштері базасында бірлескен баспасөз конференциясын өткізді. Журналистерден бөлек, залда екі ел делегациясының мүшелері де болды.
Путин келіссөздің нәтижелі өткенін атап өтіп, АҚШ-қа алғысын білдірді.
«Біз – жақын көршілер. Келіссөздеріміз өзара құрмет, түсіністік және сыйластықпен өтті. Қажетті әрі пайдалы жүздесу болды»,—деді ол.
Сондай-ақ Ресей президенті тағы да "Бейбіт келісімге қол жеткізу үшін соғысқа түрткі болған себептерін жою қажет" деген сөзін қайталады.
Өз кезегінде Трамп қос тараптың «толық түсіністікке жете алмағанын, әзірге келісім жасалмағанын» мәлімдеді. Сонымен бірге ол кездесуді «өте нәтижелі» деп атап, Ресей мен АҚШ-тың Украинадағы соғысқа қатысты көптеген тармақ бойынша уағдаласқанын жеткізді. Бұдан бөлек, Ақ үй басшысы жақын уақытта Украина президенті Владимир Зеленский мен НАТО бойынша әріптестерін телефон арқылы кездесу қорытындысынан хабардар ететінін мәлімдеді.
Айта кетейік, мемлекет басшыларынан бөлек, кездесуге Ресей тарапынан Сыртқы істер министрі Сергей Лавров пен Путиннің көмекшісі Юрий Ушаков, ал АҚШ тарапынан мемлекеттік хатшы Марко Рубио мен Трамптың арнайы өкілі Стив Уиткофф қатысты.
Бұл – Ресейдің Украинаға ауқымды басып кіруінен кейінгі АҚШ пен Ресей президенттерінің алғашқы кездесуі.