«Қазақ тілін оқытудағы басты бағыт – теория мен практиканың тепе-теңдігі»

1904
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/N4oBMBCsTVo5w36oVBoCu1ie4mpi7Th7SvxQt68J.jpg

Білім беру саласында 35 жылдық еңбек өтілі бар, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің білікті маманы, А.Байтұрсынов атындағы №139 мектеп-гимназия директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Толкинбекова Гүлнар Сапарқызы – өз ісіне адал, шәкірт тәрбиелеуде талай буынға үлгі болған ұстаз. Ол ұзақ жылдар бойы мектеп қабырғасында жас ұрпақтың тілдік және әдеби сауатын қалыптастыруға, олардың бойына ұлттық құндылықтарды дарытуға күш салып келеді.Қазақ тілін оқытудағы жаңартылған білім мазмұны, мемлекеттік тіл саясатының мектептегі орны, оқу мәдениетін дамыту және жастардың білімге ұмтылысы сынды өзекті тақырыптар Гүлнара Сапарқызының назарынан тыс қалған емес. Білікті маманның айтуынша, бүгінгі күннің басты міндеті – оқушыны тек теориялық біліммен қаруландыру емес, оны шынайы өмірде еркін қолдана алуға, өз ойын анық жеткізе білуге үйрету. Осы сұқбатта біз тәжірибелі педагогпен қазақ тілін оқытудың қазіргі деңгейі, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру жолдары, сондай-ақ кітап оқу мәдениетін қалыптастырудың тиімді тәсілдері жайлы әңгімелестік.

Гүлнар ханым, қазіргі білім беру жүйесінде қазақ тілін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?

— Қазіргі білім беру жүйесінде қазақ тілін оқыту деңгейі бұрынғы кезеңдермен салыстырғанда біршама жетілдірілді деуге болады. Жаңартылған білім мазмұнына сәйкес оқыту әдістемелері қайта қаралып, коммуникативтік бағыт алдыңғы орынға шықты. Сабақ барысында оқушының сөйлеу дағдысын дамытуға, пікір алмасуға, шығармашылық тапсырмалар орындауға көбірек мән беріле бастады. Дегенмен, оқулықтар мен бағалау жүйесінде әлі де болса бірқатар сәйкессіздіктер кездеседі. Мысалы, тапсырмалар оқушы деңгейіне толық сәйкес келмей қалатын немесе теориялық материалдар тым көп, ал практикалық қолдану жағы аз болатын жағдайлар бар. Бұл – тілдік құзыреттілікті қалыптастыруға кедергі. Сондықтан қазақ тілін оқытуда теория мен практиканың тепе-теңдігін сақтау, тапсырмаларды өмірлік жағдайларға бейімдеу және әр оқушының деңгейін ескере отырып саралап оқыту – басты бағыт болуы тиіс.

Ал мемлекеттік тіл саясаты мектептегі қазақ тілі пәнінің мазмұны мен әдістемесіне қаншалықты әсер етіп отыр?

— Мемлекеттік тіл саясаты білім беру саласында қазақ тілін дамытуға айтарлықтай ықпал етіп отыр. Қазақ тілі пәнінің міндетті пән ретінде сақталуы – осы саясаттың ең үлкен нәтижелерінің бірі. Сонымен қатар, мемлекеттік бағдарламаларда қазақ тілін оқыту сапасын арттыруға арналған түрлі жобалар мен курстар жүзеге асырылуда. Десе де, бұл саясат тек формалды деңгейде емес, нақты мазмұндық және әдістемелік қолдаумен қатар жүруі керек. Сабақтың мазмұны оқушылардың шынайы өмірде қазақ тілінде еркін сөйлеп, сауатты жазып, терең ойлай алуына бағытталуы қажет. Осы мақсатта заманауи оқыту әдістерін (жобалық жұмыс, дебат, рөлдік ойындар, мультимедиялық материалдар) тиімді пайдалану маңызды.

Оқушыларды кітап оқуға, өзін-өзі дамытуға қызықтыру үшін қандай заманауи тәсілдерді қолдануға болады?

— Бүгінгі білім беру жүйесінде оқушыны кітап оқуға тарту үшін дәстүрлі әдістермен қатар, заманауи, интерактив тәсілдерді де қолдану маңызды. Мәселен, QR-кодтар арқылы әдеби шығармаларға немесе сол туындыға қатысты сұрақ-тапсырмаларға жол ашу – оқуға қызығушылықты арттыратын тиімді құрал. Мектеп ішінде кітап алмасу бұрыштары (Bookcrossing) ұйымдастырылып, оқушылар өзара кітап алмастырады. Бұл тек кітап оқуға ынталандырып қана қоймай, бір-бірімен пікір алмасуға да мүмкіндік береді. Мәселен, жыл сайын А.Байтұрсынов атындағы №139 мектеп-гимназияда мұғалімдер мен оқушылар арасында кітап оқу марафондары өткізіліп тұрады. Бұл шаралар оқырмандық мәдениетті қалыптастырып, шығармашылық қабілетті дамытуға ықпал етеді. Сонымен қатар, мектебімізде ай сайын жарық көретін «Елсана» әдеби-шығармашылық басылымы бар. Онда оқушылардың өлеңдері, әңгімелері, шығармашылық жетістіктері жарияланып тұрады. Ең бастысы оқушыны кітап оқуға зорлықпен емес, қызығушылық арқылы тарту керек. Осы орайда қазақ тілі мен әдебиеті пәні баланың ой-өрісін кеңейтіп, рухани дамуына жол ашатын қуатты құрал деп айта аламын.

Оқушылардың оқу мәдениетін қалыптастыруда ең басты құрал не деп ойлайсыз?

Ең басты құрал – мұғалім мен ата-ананың жеке үлгісі. Егер бала үйде де, мектепте де кітапты құнды дүние ретінде көрсе, ол ерте жастан оқу мәдениетін бойына сіңіреді. Бала тек «оқу керек» деген сөзді емес, оқудың қызықты әрі пайдалы екенін іс жүзінде сезінуі қажет.Сонымен қатар, жас ерекшелігіне сай қызықты кітаптар ұсыну, талқылау клубтарын ұйымдастыру, шығармашылық байқаулар өткізу – оқуға деген ынтаны арттырады. Сабақ барысында мәтінмен жұмыс жасағанда оқушының пікір айтуына, сұрақ қоюына мүмкіндік беру де оқу мәдениетінің қалыптасуына ықпал етеді.

Қазіргі жастардың білімге ұмтылысы бұрынғы буынмен салыстырғанда қалай өзгерді?

Қазіргі жастардың артықшылығы – ақпаратқа жедел қол жеткізе алуы және технологияны еркін меңгеруі. Дегенмен, бұл мүмкіндіктер кейде терең білімге ұмтылысты азайтып жатады. Бұрынғы буын кітап арқылы білім іздеп, бір ақпаратты табу үшін көп уақыт пен күш жұмсаса, қазіргі жастар қысқа форматтағы мәліметті көбірек тұтынады. Сондықтан бүгінгі таңда ең басты міндет – жастарды сабырлы, жүйелі оқу мен зерттеуге баулу. Бұл үшін мектеп қабырғасында дербес ізденіс жобалары, зерттеу жұмыстары, ұзақ мерзімді тапсырмалар беру тиімді.

Мәнді де мағыналы сұқбатыңыз үшін алғысымызды білдіреміз!

 

Пікірлер