Қуыршақ театры – тек кейіпкерлер әлемі емес, ол – уақыт пен өнер тоғысатын ерекше кеңістік. Бұл сахнада көрермен жүрегіне жол табу үшін үлкен еңбек пен шынайы сүйіспеншілік қажет. Бүгінгі сұхбатымыздың кейіпкері – осындай өзгеше өнерге саналы ғұмырын арнаған, қазақ қуыршақ театрының көрнекті өкілі, Қазақ КСР еңбек сіңірген артисі - Сәбила Әбуева. Оның өмір жолы – тек бір адамның тағдыры емес, тұтас бір театр тарихының айнасы.
– Сәбила Меңдіғалиқызы, шығармашылық жолыңыз 1967 жылы басталып, араға екі жыл салып тағдырыңыз қуыршақ театрымен тығыз байланысқан екен. Осы ұзақ жылдар ішінде театр қалай өзгерді? Сізді бір сахнаға сонша уақыт адал болуға не жетеледі?
– Өнер жолым Махамбет Өтемісұлы атындағы театрдан басталды. Ол кезде мен мектепте оқитынмын, ән-би ансамблінде би билеп жүретінмін. Сол кезеңде ұстазымыз, режиссер Зәуре Есбергенова мені балаларға арналған қойылымға қатысуға шақырды. Келісіп, сахнаға шықтым. Көрерменнің жылы қабылдауы, қолдауы мені ерекше әсерге бөлеп, өнерге деген қызығушылығымды оятты. Сол сәттен бастап сахна мені өзіне тарта бастады.
Кейін құрбыларымның кеңесімен Алматыға келдім. Қаланы аралап жүріп, Панфилов саябағының маңынан «Қуыршақ театры» деген жазуды көрдім. Ішке кіріп, өзімді сынап көруге бел будым. Театр директоры Зұлқари Бейсетов алдына барып, өнерімді көрсеттім. Ол кісі ертең кел деді. Осылайша мені қуыршақ жасайтын шеберханаға қабылдады.
Бір жыл бойы сол шеберханада жұмыс істеп, қуыршақтың жасалуынан бастап, оның «өмірге келу» процесіне дейінгі қыр-сырын үйрендім. Осы жолда ұстаздарым Евгений Иванов пен Галина Галота маған көп нәрсе үйретті. Олар тек техника емес, сахнаға деген көзқарасты да қалыптастырды.
Кейін сахнаға шығып, тәжірибелі актерлермен бірге жұмыс істей бастадым. Алғашында қорқыныш та, сенімсіздік те болды. Бірақ үлкен буынның қолдауы мен ақыл-кеңесі арқылы біртіндеп шыңдалдым. Әр спектакль мен үшін жаңа сабақ сияқты еді.
Осылайша өнерге деген шынайы махаббат мені сахнада ұстап қалды. Ол тек мамандық емес, өмірімнің мәніне айналды.
– Сіздің репертуарыңызда жүзден астам рөл бар екендігі мәлім. Соның ішінде Нұрлан Оразалиннің «Ақ құс» спектакліндегі екі қарама-қарсы бейне – Ақ құс пен Мыстан рөлдері ерекше. Осындай рөлдерді қатар алып жүру қаншалықты қиын болды?
– Иә, бұл спектакльде мен екі қарама-қарсы бейнені қатар сомдадым. Бірі – мейірімді, нәзік Ақ құс, екіншісі – зұлым, айлакер мыстан. Екі образдың табиғаты екі түрлі болғандықтан, оларға тек сыртқы қимыл ғана емес, ішкі күй де мүлде бөлек берілуі керек болды. Сондықтан екі түрлі дауыс, екі түрлі интонация, екі түрлі мінез қалыптастыруға тура келді.
Ең қиыны – осы екі бейненің арасында бір сәтте ауыса білу еді. Кейде сахна ішінде жүгіріп жүріп, бір кейіпкерден екіншісіне тез өтесің. Бұл тек физикалық қозғалыс емес, сана мен сезімнің жылдам ауысуын да талап етеді. Әр ауысым сенімді болуы үшін ішкі дайындық, толық берілу қажет. Бірақ дәл осы қиындық актер үшін үлкен мектеп, үлкен тәжірибе болады. Осы спектакльмен біз Вьетнамға гастрольге де барып келдік. Шетелдік көрерменінің қабылдауы, олардың ықыласы өнердің қаншалықты әмбебап екенін тағы бір дәлелдеді. Сол сапардан кейін еңбегім еленіп, шығармашылық бағам берілді, атақ та осы кезеңнен кейін келді. Сондықтан бұл жұмыс мен үшін тек қиындық емес, сонымен бірге үлкен қуанышқа, кәсіби өсуге толы ерекше кезең болды.
– «Қуыршақ думан» спектаклінде сіз Роза Бағланова мен Майкл Джексон секілді өнер алыптарының бейнесін қуыршақ арқылы жеткіздіңіз. Осындай тұлғалардың болмысын беру қаншалықты күрделі?
– Қуыршақ театрының төлқұжатына айналған бұл спектакльді режиссер Сұлтанғали Шүкіров сахналаған. Бұл жұмыс мен үшін тек актриса ретіндегі тәжірибе емес, сонымен қатар қуыршақ жүргізу өнері бойынша жауапкершілік артқан үлкен мектеп болды. Бір мезетте екі міндетті қатар алып жүру – сахнадағы шеберлікті де, ішкі үйлесімді де талап етті. Спектакль барысында қуыршақты үш адам бірге жүргіздік. Бұл өте нәзік әрі күрделі процесс, себебі бір адамның кішкентай қателігі де бүкіл бейненің тұтастығына әсер етеді. Сондықтан әр қимыл алдын ала сезіліп, бір-бірімізбен толық үйлесім табу маңызды болды. Әріптестермен үнсіз түсінісу, бір ырғақта жұмыс істеу – нағыз кәсіби шеберліктің көрсеткіші еді.
Майкл Джексон бейнесін сомдау кезінде оның әрбір қимылын дәл беру үшін үшеуміз бір адамдай сезініп әрекет еттік. Оның пластикасы, ырғақ сезімі, сахнадағы энергиясы – бәрі ортақ үйлесім арқылы ғана ашылды. Бұл процесс тек техникалық жұмыс емес, толық синхронды сезіну мен ішкі байланысқа негізделді. Ал, Роза Бағланова бейнесін жасау барысында да ерекше үйлесім қажет болды. Әріптесім қуыршақтың дене бөлігін басқарса, мен қол қимылдарын жүргіздім. Әр қозғалыстың дәлдігі мен табиғилығы үшін бір-бірімізді сезіну өте маңызды еді. Осы өзара түсіністік пен үйлесімнің арқасында ғана көрерменге шынайы, нанымды образ жеткізе алдық.
– Сіз бүгінгі жас актерлер үшін үлкен мектепсіз. Өмірін осы өнерге арнағысы келетін жастарға қандай тілегіңіз бар?
– Бақытты сәттерімнің бір бөлігі – отбасымда, ал екінші бөлігі – сахнада өтті. Өмір бойы өнермен қатар жүріп, әрбір жаңа спектакльде ойнау, көрерменнің шынайы ықыласын сезіну, еңбегіңнің нәтижесін көру – мен үшін ең үлкен бақыттардың бірі болды. Әсіресе жастардың бізге деген құрметі, жылы көзқарасы ерекше қуантады. Себебі еңбегіңнің жалғасын тауып, кейінгі буынның оны қабылдап, әрі қарай дамытқаны – өнер адамы үшін ең жоғары бағалау. Бізден кейінгі ұрпақ біздің тәжірибемізді жоғалтпай, оны байытып, жаңа деңгейге көтерсе – одан асқан қуаныш жоқ деп ойлаймын.
Мен өмірімде көп нәрсені ұстаздарымнан үйрендім. Сахнаға алғаш қадам басқан кезден бастап үлкендердің ақыл-кеңесі мені қалыптастырды, бағыт берді, шыңдады. Сол үйренгенімді кейінгі жас әріптестерге жеткізу – менің ішкі парызым сияқты. Өйткені өнер – тек өзіңе ғана емес, ұрпаққа қалатын рухани мұра. Қуыршақ театрының ерекше бір қасиеті бар: ол адамды өзіне баурап алады. Егер адам шын ниетімен, таза көңілмен келсе, бұл сахна оны міндетті түрде ұстап қалады. Бұл – жай жұмыс орны емес, бұл – киелі кеңістік, рух пен сезім тоғысқан орын.
Мен сахнаға әр шыққан сайын ішімнен тілек айтып, «бисмилляһ» деп кіремін. Бұл маған тыныштық пен сенім береді. Сахнаға шықпас бұрын әрдайым жүрегімді жинап, өнерге құрметпен қарауға тырысамын. Себебі сахна – тірі әлем, ол жалғандықты көтермейді. Сондықтан әрбір қадам, әрбір қимыл шынайы болуы керек.
Жастарға айтарым – осы өнерге адал болу. Егер адам шын ықыласпен кіріссе, сахна оны өзі тәрбиелейді, өзі қалыптастырады, өз жолын көрсетеді. Ең бастысы – еңбектен қашпау, үйренуден жалықпау және өнерге жүрекпен келу. Сонда ғана бұл жол адамды биікке жетелейді.
Абдинаги Алма
Темірбек Жүргенов атындағы ҚазҰӨА
«Кинотеледраматургия» мамандығының 2-курс студенті
