Бетті жабуға қатысты шектеу – діни сенімге емес, қауіпсіздікке бағытталған норма

1097
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/UVwTOvhGaRGrrS34JDF4isHlaKZ8HVWwbeIyinLM.jpg

Қоғамымызда бет-жүзді толық жабуға қатысты қабылданған заңнама жайлы пікір алмасулар көп. Бұл мәселеге байланысты түсініксіздіктер мен әртүрлі көзқарастар кездеседі. Дегенмен, заңның мақсаты – қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз ету екенін ұмытпауымыз керек. Аталмыш бұл норма дінге емес, қоғамдық қауіпсіздікке бағытталғанын айқын түсіну қажет.

Ислам – тек құлшылықтар мен парыздар жиынтығы ғана емес, ең алдымен қоғам тыныштығын, тәртібін және қауіпсіздігін көздейтін өмір сүру салты. Қасиетті Құранда Алла Тағала: «Алла әділеттілікті, игілікті және туыстықты сақтауды бұйырады. Арсыздықты, жамандықты және зұлымдықты тыйым салады...» (Нахл сүресі, 90-аят) деп бұйырған. Бұл аяттан аңғаратынымыз – шынайы дін ең алдымен қоғамға пайда әкелуі тиіс. Ал қоғамдық қауіпсіздікке кедергі келтіретін кез келген әрекет ислам қағидаттарына қайшы келеді. Бетті бүркемелеу тұлғаны тануға қиындық тудырып, қылмыстық әрекеттерге жол ашуы мүмкін. Сондықтан осындай киімдерге қатысты қойылатын шектеулер діни сенімге қысым емес, қоғамдық тәртіпті сақтау шарасы ғана.

Ниқаб дінде парыз болып саналмайды. Шариғатта әйел адамға әурет жерлерін жабу міндеттелгенімен, бетті бүркемелеу парыз емес. Бұл туралы Имам Әбу Ханифа, Имам Мәлік, Имам Шафиғи секілді ғұламалар пікір білдіріп, бет пен қолды жабу міндет емес екенін айтқан. Имам ән-Нәуәуи да: «Әйелдің жүзі мен қолын ашық ұстауы – шариғатта рұқсат етілген, оларды жабу міндет емес» деп көрсеткен. Сондай-ақ Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) қажылық пен умра кезінде әйелдерге ниқаб киюге тыйым салғаны белгілі (Бухари, 1838). Егер ол парыз болғанда, Алла Елшісі (с.а.у.) қажылықта да сақтауды бұйырар еді, керісінше, ондай жамылғыдан тыйған. Бұл хадис те ниқабтың діннің бұлжымас талабы емес екенін дәлелдейді.

Қазақстанда қабылданған заң нормасы ниқабты немесе нақты діни ұстанымды ғана емес, тұлғаны анықтауға кедергі келтіретін кез келген киім үлгісін шектейді. Бұл – заманауи қауіпсіздік стандарттарының талаптары. Адамның бет-жүзін тану құқық қорғау жүйесінің негізгі қағидаларының бірі болып табылады. Мұндай талаптар әлемнің көптеген елдерінде енгізілген. Демек, бұл заң діни сенімге емес, қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған. Дәстүрлі ислам ғұламалары да қоғамдық тәртіп пен тыныштыққа зиян тигізетін әрекеттерден сақтану қажеттігін әрдайым ескертіп келген. Сондықтан қабылданған заңды «дінге қарсы» деп түсіндіру – исламның шынайы мазмұны мен қағидаттарына қайшы келеді.
 
 Әмірбек Сұлтан

 Ұлытау облысының «Діндерді зерттеу орталығы» КММ директорының орынбасары

Пікірлер