Президент болмақ үміткерге талап күшейеді. Мәжіліс жұмысын сайлау заңынан бастады

1647
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2021/01/1424923629_mazh.jpg

Мәжіліс депутаттары сайлау туралы Конституциялық заңға түзетулер енгізуді көздейтін заң жобасын қарауға алды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Құжаттың басты мақсаты – бір кандидаттың Мәжіліске бірнеше сайлау округінен қатар түсуіне тыйым салу. Сонымен қатар, Мәжіліс пен мәслихат сайлауына бір мезгілде қатысуға шектеу қойылмақ.

Жоба аясында әкімдер үшін жеке сайлау қоры құрылып, президент, депутат, әкім және Орталық сайлау комиссиясының мүшелігіне үміткерлерге қойылатын талаптар күшейтіледі. Атап айтқанда, ауыр қылмыс үшін сотталған адамдар бұл лауазымдарға кандидат бола алмайды.

Депутат Снежанна Имашева атап өткендей, құжатта сайлау тәртібін жетілдіру және нормаларды бұзғандарға әкімшілік жауапкершілік енгізу де қарастырылған. Мәжіліс депутаттары ұсынысты қолдап, заң жобасы заңнама және сот-құқықтық реформа комитетіне жіберілді. Комитет алдағы уақытта құжат бойынша қорытынды әзірлейді.

Пікірлер