"Жұмақ жердің қойнына кеткен екен-ау" деп ішім қан жылады…

3463
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/nX9Sd8hAU7UcxHt2KmW0HnWASsUQ4j5bCWUMMx0U.jpg

Сабақ басталды.  Алматы жасарып кетті.  Іші бос болып жүретін автобус, троллейбусқа мінерде соны бірден білесің.

Кеше "Қазпоштаға" барайын деп  16-шы автобусқа міндім. Екіден кейінгі кез. Іші тола жастар. Терезеге жақындай беріп едім, жас келіншек орындықтағы төрт-бес шамасындағы баласын тұрғызып, "отырыңыз" деді.

Қазақы, тәрбиелі жан екені сөзінен де білінді.

- Айналайын, орын осы баланікі ғой, -дедім.

- Біз қазір түсеміз, - деді.

- Онда отырайын, - деп отырдым.

Енді жәй отырамын ба, жыбырлап жанымдағы түрегеп тұрған қара баланың өсіңкіреп кеткен шашынан сипап атын сұрап едім, бетіме үрпие қарады. Қазақтың нағыз қара балақайы. Әлгі келіншектің одан екі жастай үлкен қызы бар екен. Ол да қара қыз.

 - Айналайын, атың кім? - деп сұрадым. Ол бірдеңе деді. Шал бола бастаған атаның қай оңған құлағы бар дейсің, атын қайта сұрап едім,  “Я казахский не знаю” деді. Күліп жібердім. Тағы да текке күлейін бе:

- Айналайын, мынау ұят болды-ау, сен қазақша білмейсің, ал мен орысша білмеймін. - деп анасына қарадым. Ол үн қатпады. Бәлкім ыңғайсызданған түрі болар. Бірақ оған қарайтын мен бе:

 - Қарағым, үйге барған соң мыналарға нан - хлеб, соль - тұз, су - вода, әке - отец, әже -бабушка деп үйрет. Менің дедушка екенімді айт, - дедім.

Олар есікке қарай қозғалды.

Қолдарына телефон ұстап, құлақтарын бітеп алған өрімдей-өрімдй жастар, мына адам жынды ма өзі, деген секілді бедірейіп-бедірейіп қарап тұрды.
"Әй, эаман-ай, Ақселеу аға жағдай дәл осылай болатынын біліп, жұмақ жердің қойнына тез кеткен екен-ау" деп ішім қан жылады…

Талғат Айтбай

 

 

Пікірлер