Ұлттық бірыңғай тестілеуді халықаралық стандарттарға сай қайта құру жоспарлануда, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Бұл туралы білім және ғылым министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді.
АҚШ-қа сапары барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әлемге танымал Educational Testing Service (ETS) ұйымының бас атқарушы директоры Амит Севакпен кездесті. Кездесу қорытындысы бойынша ETS мамандарының қатысуымен арнайы жұмыс тобы құрылып, ҰБТ-ның әдістемесі мен мазмұны түбегейлі қайта қаралатын болды.
«Әлемдік деңгейдегі үздік мамандар ҰБТ-ны халықаралық деңгейдегі тестке айналдыруға атсалысады. Біз ең сапалы әдістемені және ең сапалы сұрақтарды енгіземіз», – деді министр Саясат Нұрбек.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов жасанды интеллект дамуын ескере отырып, ҰБТ ережелерін өзгерту қажеттігін көтерген еді.
Еске сала кетейік, биыл негізгі ҰБТ-ны 210 мыңнан астам талапкер тапсырды. Оның ішінде 76,5%-ы қазақ тілінде, 23,5%-ы орыс тілінде, ал 149 адам ағылшын тілінде тапсырып шықты.