Қазақстандағы «сопылық» бағыттағы зікіршілер жамағатының жетекшісі Исматулла Мақсұмға қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі Tizgin.kz-ке сілтеме жасап.
Бұған дейін бірқатар интернет платформада сұхбат берген бірқатар азамат Исматулла Мақсұмның медреседегі жұмысы кезінде балаларға зорлық-зомбылық көрсеткені туралы мәлімдеме айтқан еді.
ІІМ мәліметінше, жарияланымдарда келтірілген ақпарат бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оның аясында істің барлық мән-жайы тексеріледі.
«Жарияланымдағы деректерге қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Оның аясында барлық мән-жай тексерілетін болады. ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды», – делінген министрліктің жауабында.
Қоғамда резонанс тудырған мәлімдемелерден кейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы арнайы мәлімдеме жасап, Исматулла Мақсұм мен оның жақтастарының мүфтиятқа ешқандай қатысы жоқ екенін хабарлаған болатын.
