Қазақстанда салынатын атом электр станциясының (АЭС) қауіпсіздігіне тек ұлттық органдар ғана емес, сонымен қатар халықаралық сарапшылар да бақылау жүргізеді, деп хабарлайды "Адырна".
Агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, Қазақстан ядролық қауіпсіздікке қатысты халықаралық конвенциялардағы міндеттемелерін орындайды. Осы мақсатта елге МАГАТЭ мамандары шақырылады.
«Ұйым Қазақстанда шолу миссияларын өткізуге, техникалық көмек беруге және төтенше жағдайларға ден қою жүйесін талдау үшін EPREV миссиясын жіберуге дайын», – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Сәтқалиев атап өткендей, АЭС-тің жұмысқа қосылуы кезең-кезеңімен жүзеге асады. Әрбір қадам – отын жүктеуден бастап толық қуатқа шығуға дейін – тек сынақ нәтижелері оң болған жағдайда және қадағалаушы органның рұқсатымен ғана жүргізіледі.
Шенеуніктің сөзінше, Қазақстан үшін басты басымдықтар өзгеріссіз қалады:
- халықтың қауіпсіздігі,
- қоршаған ортаны қорғау,
- халықаралық стандарттарды сақтау.