Әскердегі егіздер. Ерекше сарбаз өліміне шенеунік жүре жауап берді

983
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/E376mVlOJCTFSK3QlSbbdBgJk1pA9Gwkz0fUe1XR.webp

Қорғаныс вице-министрі Серік Боранбаев 19 жастағы сарбаз Дінмұхаммедтің қазасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды «Адырна».

Қыркүйек айында Алматы облысындағы әскери бөлімде 19 жастағы сарбаздың мәйіті табылған болатын.

"Қазір тергеу жүріп жатыр, кез келген пікірді дұрыс түсінбеуі  немесе тергеуге кедергі келтіруі мүмкін. Бұл – ата-аналар үшін де, біз үшін де өте ауыр қайғы. Біз, командирлер, әр сарбазды өз баламыздай қабылдаймыз.
Бір жылдық қызмет барысында қол жеткізген барлық жақсы нәтижелерді біз олармен бірге бөлісеміз. Ал осындай қайғылы жағдайлар біз үшін де, әсіресе сарбаздың қасында жүрген командирлер үшін өте ауыр. Қай өлім болса да – бұл орны толмас қаза
, ата-ана үшін ауыр трагедия", – деді Қорғаныс вице-министрі Се­рік Боранбаев.

Оның айтуынша, Қорғаныс министрлігі ресми жауап бермес бұрын тергеудің аяқталуын күтуді жөн көреді.

"Ата-аналар туралы айтқым келеді: сарбаздар әртүрлі уақытта және әртүрлі елді мекендерден шақырылды. Бірақ бұл тақырыпты эфирде қайта көтергіміз келмейді. Бұл жақындары мен туыстарына ауыр тиеді. Тергеу аяқталғанын күтейік. Қылмыстық іс қозғалды, тергеу нәтижесінен кейін біз барлық сұрақтарға ресми жауап береміз", – деп толықтырды вице-министр.

Бұған дейін қаза тапқан сарбаздың әпкесі Еңлік Қалтаева әлеуметтік желіде жазба қалдырған. Оның айтуынша, бауыры Дінмұхаммед әскерге сыңарымен бірге кеткен. Алғашында екеуі бір әскери бөлімде қызмет еткен, бірақ кейін Дінмұхаммедті басқа бөлімге – Мәтібұлақтағы №01098 әскери бөлімге ауыстырып, егіздерді ажыратып жіберген.

"Олар бірге қызмет етті, бірақ ант бергеннен кейін Дінмұхаммедті Мәтібұлаққа, №01098 әскери бөлімге ауыстырып жіберді. Егіздерді ажыратуға болмайтынын біле тұра, солай етті. Қайғылы жағдай дәл сол жерде болды", – деп жазды Еңлік Қалтаева.

Ол әлеуметтік желідегі парқашасына егіз бауырларының қазармада бірге түскен суретін де жариялаған.

Еске салайық, 17 қыркүйек күні марқұмның отбасына суық хабар жеткен болатын. Ол кезде Қорғаныс министрлігі сарбаздың қаза болғанын растаған және қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған еді.

Пікірлер