Астанада Өнер музейі ашылды. Бұл туралы мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна".
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева 1600-ден астам ұлттық музыкалық аспап қойылған музей экспозициясымен танысты.
"Музейде сирек кездесетін және ұмыт бола бастаған аспаптарға ерекше назар аударылған. Атап айтсақ, желбуаз, мес сырнай, уілдек, тастауық және басқа да көне аспаптар бар. Барлық экспонатты музей қызметкерлері қолдан жасаған. Сонымен қатар, көпшілікке ұлттық киімдер залы мен мекеменің шеберханасы көрсетілді", - деп жазылған хабарламада.
Министрдің айтуынша, Астанада осындай музейдің ашылуы ұлттық мәдениет пен қолөнерді насихаттауға зор үлес қосады.
Өнер музейі XIX ғасырдың соңында салынған тарихи мектеп ғимаратында орналасқан. 1982 жылы бұл нысан республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері тізіміне енгізіліп, мемлекет қорғауына алынған. Музейде көне музыкалық аспаптарды қалпына келтіру және сақтау шеберханасы жұмыс істейді.