Қазақстан ба, Маньякстан ба? Сексуалды қысым көрсететіндерге тоқтау керек!

2631
Adyrna.kz Telegram

Соңғы 10 күндегі оқиғалар болмаса, бәлкім, бұл мақала жазылмас еді. Әсіресе, Алматы облысы, Шолақай ауылында болған жағдай отқа май құйып жіберді. Өрімдей қызға сексуалдық қысым көрсетіп пышақтап тастаған, мәйітті өртеп қорлық көрсеткен күдікті бұған дейін бірнеше рет осындай әрекетке барғаны қоғамдағы біраз мәселені айнадай көрсетті.

Интернеттен «Қазақстанның басты жаңалықтары» деп сұрай қалсаң сексуалды маняктар жайлы ақпар ең басында тұрады. Аты жаман қылмыстың түп тамыры қайда жатыр? Қоғамда неге жиілеп кетті? Оны тоқтатудың қандай жолы бар? Бүгінгі материал сол жайлы...

Әлеуметтік желі әрбіріміздің есеп дәптеріміз іспетті. Бір айырмашылығы біз ғана емес атауы айтып тұрғандай әлеуметтің өзі де оны бақылап отырады. Өткен жұмада Алматы қаласының оңтүстігіндегі шағын ауданның бірінде бір қыз ботадай боздап көлік тоқтатады. Көлік иесі жанашырлық танытып, қызды көлікке отырғызған мезетте оны қуған жігіт көрінеді. Қолында қара сөмкесі бар жігіт көлікті тоқтатуға тырысады. Көлік тоқтамай, ұзап кеткенде тапанша даусы естіледі. Қыз көз жасын көл етіп, көлік иесіне «Тоқтамаңызшы, мені ол жігітке бермеңізші. Зорламақшы болды» деп жалбарынады. Аталған оқиғаның видеосы отандық БАҚ пен желіге сол мезет тарап кетті. Артынша жоғарыда атап өткен Панфилов ауданы, «Шолақай» ауылындағы жағдай әлеуметті дүр сілкіндірді. Ал, дәл бүгін жас қызға «серілік» көрсетіп, сөзбен арбап, оны төсекке сүйремекші болған көлік жүргізушісінің видеосы трендке шықты. Бұл оқиғалардың сипаты басқа болғанмен түпкі мәселе бір іспетті. Мамандар пікірі де осы арнаға келіп тоғысады.

«Адам құқығы және өз тағдырына бей-жай қарайтындар көп. Әйтпесе, заң бұл қылмыстың жасасы мен өтеуін әлдеқашан бекітіп, халық жадына құйған»,— дейді адвокат Тлеужан Кішкенебаев.

Шолақайдағы жағдай осыған дәлел. Бұрын зорлау фактісі бойынша істі болған күдікті Рустам Ахметов «өзін түрмеде тәртіпті ұстағаны үшін» мерзімінен бұрын босап шығады. Заңның мархабат еткенін пайдаланған ол тағы да кәмелет жасына жетпеген қызды зорлап, артынан неке қидырып, жар етеді. Ауыл ішінде болған бұл жағдай жергілікті халықты әу баста ойландырмаған. Соңы, өрімдей болған Құралай Қисабекованың өмірін қиды. Яғни, қылмысқа көз жұмып, одан зорғысына себеп болып жатқанын аңғаратындар аз.
Бұл қылмыс түрі бүгін және тек Қазақстан аумағында болып жатқан жоқ. Соны қаперімізге алсақ деймін. Біздің заманымызға дейінгі пәлен ғасырдан бері бар. Ол дәлелдеуді қажет етпейтін жайт. Және қазір де дамыған, дамымаған елдерді жиі ұшырасады. Бірақ, бірер жыл бұрын БАҚ-та «Қазақстан ТМД елдері арасында сексуалдық қысым көрсететін елдер қатарында» деген ақпар тараған-ды.

Онда әр 10 қазақстандық нәзік жандының бірі қысым көреді деп жазды білгіштер. Сексуалдық қысым тақырыбында жасалып жатқан зерттеу осы күнге дейін еш нәтиже бермей келеді. Зерттеушілер, зорлау фактісі бойынша қаншама тер төксе де зорлық тоқтамады. Заң қанша қатаңдаса да қылмыс толастамады. Неге?
Мамандар жәбірленушілердің дені қылмысты жасырып қалуға тырысатынын айтып дабыл қағуда. Басқа-басқа, аталған жайды жәбірленушінің туған-туыстары да жасырып қалуға тырысады. Бұл қылмыскер үшін таптырмас мүмкіндік. Осындай факторлар әсер етсе керек, әр елдегі қылмыс «статистикасының» шындыққа жанасатыны аз. Мәселен, ҚР Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметі бойынша, 2018 жылы 120-бап, яғни, «Зорлау» ісімен 1130 құқық бұзушылық және 320-баппен (жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері) 121 құқық бұзушылық тіркелген. Қолда бар мәліметтерге сүйенсек, 2020 жылы «Кәмелетке толмаған баланы зорлау» бабы бойынша 199 қылмыс тіркеліпті. Оның ішінде 128 жайт кішкентай балаларға қарсы жасалған қылмыс. Қарап отырсақ, цифр аз деуге келмейді.

Қазақта «Түйені көпірдің астына жасырып қоя алмайсың» немесе «Ауруын жасырған өледі» деген тәмсілдер бар. Ешбірі тегін айтылмаған. Шолақай ауылындағы шудың төңірегінде қоғам назарынан тыс қалған (тыс қалдырылған) өте даулы мәселе тұр. Оны әлдеқандай жолмен бүркемелеп жатқан күш барға ұқсайды. Өз атын атамауды сұраған Алматы облысының тұрғыны «Шолақайдағы жағдай (қыз зорлап, өлтіру ісі) ұлтаралық қақтығысқа ұласуы мүмкін. Себебі, жергілікті ұйғыр диаспорасы тым шектен шыққан. Рустам Ахметов қыз зорлап бір сотталды, екінші ретте де оны жамандыққа қимай алып қалған. Енді қазақтың өрімдей қызын, түгел ұлтты жоққа сайып отыр. Ертең тағы сотталып келіп, қыздарымызды қорлай бермек пе?» дейді. Оның сөзінше, қазір Аудан маңында құқық қорғау органдарының өкілдері кезекшілікте тұр. Ватсап желісінде «Қазақ екі жағдайда адамды жау көреген. Олар – «жер мен жесір дауы». Бұл жолы қаракөз қызымыз үшін атқа қонайық» деген азаматтардың аудиосы тарауда. Бұл да қоғам назарынан жасырын ұстап отырған жайт.

Осыдан 4 жыл бұрын BBC басылымында Линда Геддестің «Жыныстық зорлық-зомбылық және оларды жоққа шығару туралы бес миф» атты зерттеуі жарық көрді.

Біздіңше, әр азамат бұл жазбаны бір шолып шыққаны жөн. Адырна оқырмандары үшін сол 5 аңызды ықшамдап аудардық. Оның алғашқысы – жыныстық зорлық-зомбылықтың көбін бейтаныс адамдар жасайды. Екіншісі, зорлық шынымен де сіздің басыңыздан өтсе, дереу полицияға хабарлайсыз. Өкініштісі бұл да миф тізімінде. Мәселен, Ұлыбританияда зорлық көргендердің 46 пайызы сол күні арызданса, қалғандарына арыз беру үшін жылдар керек болған. Арызданбай қалғандар қаншама. Ал, кәмелет жасына толмағандар арасында, сол уақытта арызданғандар небәрі 28 пайыз екен. Үшінші аңыз – егер сексуалдық құқық бұзушылық туралы дереу хабарланса, тергеу органдарына істі сұрыптап, айып тағу оңай болады. Бұл жерде жергілікті менталиттеттің сан алуандығын ескерткіміз келеді. Төртіншісі «егер шынымен қаламасаң, қарсы болар едің» деген әңгіме. Қырсылық соңы неге алып барарын ескермейтіндер де бар. Соңғысы, травматикалық тәжірибе жадты бұзады – сіз шынымен болмаған нәрсені есте сақтауыңыз мүмкін. Осындай зерттеулер бүгінгі қазақ қоғамына да қажет-ақ. Шетелдік ғалымдардың еңбегіне қанша сүйенгенімізбен жергілікті психология мен менталитет басқа нәтиже көрсетуі мүмкін. Сондықтан бұл ретте әлеуметтанушыларға түсетін жүк орасан.

Шолақайдағы жағдайдан сабақ алсақ, балалардың желідегі, мобильді өмірдегі әр қадамын бақылауға алған дұрыс. Өйткені күдікті жәбірленушіге қылмыс жасардан алдын телефонмен хабарласқан. Мәйітті де сол деректен кейін тауып отыр. Бұндай ауыр тақырыпты жазу, айту, оқу кім-кімге де оңай емес. Ал, бастан өткеру жауыңа да тілемейтін жамандық. Ал, қаршадай қыздың абыройы мен өмірін жалмаған күдіктінің қылмысы дәлелденсе, сот санкциясы бойынша өмір бойы бас бостандығынан айырылу жазасы қарастырылған. Бұл жайлы да айта жүрген дұрыс. Қаскөйлер осындай жаса күтіп тұрғанын есіне алса, бәлкім, қылмыстан аяқ тартар?! Әйтпесе, сексуалды-маняктар туралы ақпардан көз ашар түріміз жоқ.

Арман ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер