FlyArystan рейсіндегі тіл дауы. Қазақ тілін талап еткен жолаушы жазба жариялады

1070
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/fBX5d1Lp7ON1XM92ycy4jrdOnfTjJnLhou2vV8uE.webp

Ақтау–Астана бағытындағы рейсте ұшақ капитаны жолаушыларға тек орыс және ағылшын тілдерінде сөйлеген, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Orda.kz дерегінше, Threads желісінде beimalim атты қолданушы FlyArystan бортында тіл туралы дау болғанын хабарлаған.

Ол қазақ тіліндегі хабарландыруды сұрағанда, жолсерік оған «Мұны сіз шешпейсіз» деп, орысша жауап берген.

«Сапар барысында тағы сұрадым: капитан неге қазақша сөйлемейді? Жолсерік Әлия Әділбекқызы “капитан орыс тілінде сөйлейді, сондықтан екі тілде ғана хабарлайды” деді. Тұтынушы құқығым бұзылып жатқанын айтқанда, “сіз шешпейсіз (не вам решать)” деп жауап берді», — деп жазды жолаушы.

Компания бұл жағдайға қатысты түсініктеме берді. FlyArystan мәлімдемесіне сәйкес, рейс кезінде барлық хабарландырулар мемлекеттік тілде аға бортсерік тарапынан жасалған.

«FS7376 Ақтау–Астана рейсінде қазақ тіліндегі ақпарат аға бортсерік тарапынан берілді. Жолаушы ұшқыштың жеке өзі қазақ тілінде хабарлағанын талап еткен. Барлық хабарландырулар заңнамаға және халықаралық азаматтық авиация тәжірибесіне сай орындалды», — делінген компания хабарламасында.

Бұған ұқсас жағдайды басқа Threads қолданушысы да атап өтті.

Ол Қостанай–Астана рейсінде ұшқыш тек орыс және ағылшын тілдерінде сөйлегенін жазған.

«Борт капитаны Степан Подкрытов қазақша амандасып, қоштаспады. Сұрағанымда, жолсерік “авиакомпанияда ондай талап жоқ” деді», - дейді ол.

Айта кетейік, тамыз айында да дәл осы авиакомпания қызметкерлері мен жолаушы арасында тіл туралы дау туған.

Пікірлер