Атыраудағы жеке стоматологиялық клиникалардың бірінде тіс емдеу кезінде күтпеген жағдай орын алды. Дәрігер тіс емдеу барысында қолданылатын металл қондырманы абайсызда пациенттің аузына түсіріп алған, ал әйел оны байқамай жұтып қойған, деп хабарлайды "Адырна".
Зардап шеккен әйелдің айтуынша, дәрігер алғашқы сәтте жедел жәрдем шақырмай, құсық тудыру арқылы қондырманың өздігінен шығуын ұсынған. Бірақ бұл әрекет нәтиже бермеген соң, науқас өз бетімен облыстық аурухананың жарақат пунктіне жүгінуге мәжбүр болған.
Дәрігерлер науқасқа рентген және гастроскопия жасап, асқазаннан бөгде затты анықтаған. Арнайы медициналық қысқаш арқылы металл қондырма табысты түрде алынған.
Пациент кейін e-Өтініш порталы арқылы облыстық денсаулық сақтау басқармасына шағым түсірген. Алайда ведомство бұл жағдай өз құзыретіне кірмейтінін, себебі клиника жекеменшік нысан екенін мәлімдеді.
Атырау облыстық стоматологтар қауымдастығының үйлестіру кеңесінің төрағасы Құрал Тишбаев оқиғаға байланысты пікір білдіріп, дәрігердің әрекетін орынсыз деп бағалады:
«Дәрігердің манипуляцияны жалғастырып, 103 қызметін шақырмауы – өрескел қателік. Тіпті зат кішкентай болса да, мұндай жағдайда науқасқа дереу көмек шақырылуы тиіс. Ұштықтың ақауы болып, содан бұрғы түсіп кеткен болуы мүмкін», — деді ол.
Қазіргі таңда пациент өз шағымына ресми жауап күтуде.