Мәжіліс отырысында депутат Қарақат Әбден кішкентай баласы бар ата-аналардың жұмыс жағдайына қатысты мәселе көтерді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Депутаттың айтуынша, заңда көрсетілгеніне қарамастан, көптеген жұмыс берушілер ата-аналарға қысқартылған жұмыс уақытын ұсынбай отыр.
«Көптеген аналардың айтуынша, еңбек шартында қысқартылған жұмыс уақыты мүлде қарастырылмайды. Осыған байланысты сұрағым: еңбек заңнамасы жұмыс берушіні кішкентай баласы бар ата-анаға қысқартылған жұмыс уақытын беруге міндеттей ме? Сондай-ақ, министрлік мұндай ата-аналарды еңбек нарығында қорғау үшін қандай шаралар қабылдап жатыр?» – деп сұрады депутат.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі жұмыс кестесін екі жақты келісім арқылы өзгертуге болатынын айтты.
«Мысалы, жұмыс күні таңғы сегізде басталып, беске дейін жалғасуы мүмкін», – деді Асқарбек Ертаев.
Егер жұмыс беруші жеңілдік беруден бас тартса, жұмыскер мемлекеттік еңбек инспекциясына шағымдана алатынын да атап өтті.