АҚШ-тың Украина жөніндегі жоспары Женева келіссөздерінен кейін қайта түзетілді

671
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/AVb7qDgT7yKfOW5nOzFvCYufqHJypsYbsqx2WI8D.webp

АҚШ әзірлеген Украина бойынша бейбітшілік жоспары Женевада өткен келіссөздерден кейін түзетулерге ұшырады. Бұл туралы The New York Times (NYT) газеті өзінің дереккөздеріне сүйене отырып жазды, деп хабарлайды “Адырна”.

Басылымның жазуынша, 28 тармақтан тұратын құжат Украина мен АҚШ делегациялары арасындағы талқылаулар барысында қайта қаралған. Алайда енгізілген өзгерістердің нақты мазмұны әзірге жария етілмеген.

NYT дерегіне сәйкес, Ресей тарапы талқылау үшін құжаттың бастапқы нұсқасын алған. Дәл осы алғашқы құжатты 20 қарашада украиналық депутат Алексей Гончаренко жариялап, ол кейін халықаралық ақпарат құралдарында кең талқыланды. Ал Женевадағы келіссөздерден кейін түзетілген жаңа нұсқа Мәскеуге жолданды ма, жоқ па – әзірге белгісіз.

Украина мен АҚШ делегациялары арасындағы кездесу 23 қарашада Женевада өтті. Келіссөздердің басты мақсаты – тараптар арасындағы келіспеушіліктерді азайту және жоспардың даулы тұстарын нақтылау болған.

Келіссөздер аяқталғаннан кейін АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио кездесуді Украинадағы қақтығысты реттеу бағытында жүргізілген барлық дипломатиялық күш-жігер ішіндегі «ең табыстысы» деп атады.

Пікірлер