Ресей Түркі ұйымына мүше бола ала ма? Кремль ұсынысқа жауап берді

163
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/za1wP44VEY10JDSZiw70wLws5xVAlF2lSF3lGLFh.webp

Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресейді Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) құрамына қосу туралы ұсынысына қатысты сұраққа жауап берді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Бізде халқы тарихи шығу тегі жағынан түркілерге жататын бірқатар өңір бар. Сондықтан мұндай қадам әбден түсінікті әрі орынды болар еді», – деді ол.

Ресейде түркі халықтарының басым бөлігі Татарстан, Башқұртстан, Дағыстан, Чувашия және Якутия (Саха) республикаларында тұрады. Бұл өңірлерде татар, башқұрт, чуваш және якут халықтары басым.

Еске салайық, 30 қазанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Анкарада өткен Түркі мемлекеттері ұйымының 13-саммитінде сөйлеген сөзінде Ресейге Түркі мемлекеттері ұйымына қосылуды немесе ұйым жанынан бақылаушы мәртебесін алуды ұсынған болатын. 

“Ұйымымыздың беделін арттыру үшін Ресейдің ниетіне оң пікірімізді білдіріп, бұл елді осы форматқа қосылуға немесе Ұйымға бақылаушы ретінде қатысуға шақырсақ, дұрыс әрі әділетті шешім болар еді. Өйткені Ресей ірі мемлекет ретінде көне заманнан бері түркі әлемімен тығыз байланыста болған. Бұл елде тарихи мекенін тапқан түркі халықтары көп. Қазіргі таңда Ресей «Алтай өңірі – Түркі өркениетінің алтын бесігі» деген тұжырымдаманы дәріптеуде. Қазақстан бұл тұжырымдаманы қолдайды. Орыс тілінде түркі тілдерінен тамыр тартатын сөздер де аз емес. Жалпы, Ресей түркі елдерінің, яғни біздің Ұйымның бір бөлігі болса, бәрімізге пайдасын тигізер еді",- деген еді президент Тоқаев. 

Пікірлер