Президент бизнеске қолдан заңсыз тосқауыл жасалатынын айтты

188
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/B4Frxy3hVWqMfuL5BnaU0Pj0vQldgcuUEwsP4Dca.webp

Кәсіпкерлерге заңсыз кедергі келтіру ел экономикасына зиян тигізеді. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Мемлекет басшысы экономикалық құқық бұзушылықтарды одан әрі қылмыссыздандыру шараларын қабылдау қажеттігін жеткізді. Оның айтуынша, экономикалық баптар бойынша қылмыстық қудалауға ұшыраған кәсіпкерлерден әлі де өтініштер түсіп жатыр.

«Кәсіпкерлерге, әсіресе, шағын және орта бизнеске тең мүмкіндік беріп, әділ бәсекеге жол ашу қажет. Кей жағдайда осы талап сақталмайды. Оған дәлел: қазірдің өзінде өндірушілер, әсіресе азық-түлік саласындағы кәсіпорындар бірқатар қиындыққа тап болуда. Тіпті, әдейі жасалған кедергілер де бар»,–деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің сөзінше, импорттық тауарлардың құны қолдан төмендетіліп отыр. Ал отандық өнімдердің ішкі нарыққа шығу жолы әдейі шектеліп жатады.

«Шынын айтқанда, бұл – жемқорлық. Сондықтан осындай қитұрқы әрекеттерді тоқтату керек. Мұндай ахуал еліміздің компаниялары мен тауарларының бәсекеге қабілетін едәуір әлсіретіп жіберетіні сөзсіз. Осындай іс-қимылдарға қатаң тосқауыл қоймасақ, экономикамызға зиян болатыны айдан анық. Басқаша айтсақ, бизнесті қорғау – ұлттық экономиканың дербестігін нығайту деген сөз. Ал бизнеске қолдан заңсыз тосқауыл жасау, бұл – мемлекетке қарсы жасалған қылмыс деп айтсақ артық болмас. Сондықтан кәсіпкерлерді қолдау тетіктерін жетілдіру, яғни нығайту қажет. Бұл жұмысты сауда бірлестіктері аясында жүргізуге де болады»,– деді ол.

Пікірлер